2019 жылдан бастап мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізіледі
2019 жылдан бастап мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізіледі
8 жыл бұрын 3005 inform.kz М.Жиембай

2019 жылдан бастап мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізіледі. Бұл туралы «Білім беруды дамытудың перспективті модельдері» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының басқармасы төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов мәлім етті. Ол кәсіпкерлікке баулу білім берудің барлық деңгейінде, мектеп қабырғасынан бастап жүргізілуі тиіс екендігін баса айтты. «Әлемнің көптеген елдерінде, мәселен, Дания мен Скандинавия елдерінде кәсіпкерлікке баулу мектеп бағдарламасының оқу процесіне енгізілген.  Осы орайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысын қолдаған еліміздің Білім және ғылым министрлігіне ризашылығымызды білдіреміз. 2019 жылдан бастап мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізіледі»,  - деді М.Әбенов. Шараға мәртебелі мейман ретінде Израилдің бұрынғы Білім министрі, саясаткер Шай Моше Пирон да қатысып, өз ойларымен бөлісті.  «Көптеген елдер білім саласында реформа жасауға тырысқан кезде өзге мемлекеттердің тәжірибесіне жиі арқа сүйеп жататыны бар. Бұл ретте олар өздерінің білім беру ерекшеліктерін, өздерінің мәдениетін қаперден шығарып алады. Балалар ең бірінші кезекте өзі өмір сүріп жатқан жерді сезінуі тиіс. Бұл білім беру негізінің бірі. Инновация деп оны естен шығаруға болмайды», - деді шетелдік мейман.   

0 пікір
Мұрағат