2018 жылы әлеуметтік көмектің жаңа түрі кімдерге беріледі?
2018 жылы әлеуметтік көмектің жаңа түрі кімдерге беріледі?
7 жыл бұрын 6488 Қымбат Елтайқызы

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі. Baq.kz тілшісі жаңа жәрдемақы түрінің кімдерге және қалай берілетінін анықтап білді. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, атаулы көмек табысы аз отбасыларға арналған қолданыстағы үш әлеуметтік төлемді біріктіретін бірыңғай жәрдемақы саналады.

Оның құрамына: біріншіден, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен отбасылардың әрбір мүшесіне ұсынылатын атаулы әлеуметтік көмек; екіншіден, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болғанда 1,05 АЕК немесе 2 383 теңге мөлшерінде 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын жәрдемақылар; үшіншіден, төрт немесе одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан ұсынылатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы кіреді.

Атап өтсек, осы көпбалалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған отбасылар үшін оны алуға құқық жойылғанға дейін, яғни балалар кәмелетке толғанға дейін сақталады.

«Осылайша, жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек үш әлеуметтік төлемнің орнына төленеді және оның мөлшері көрсетілген үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болады. Жаңа жүйенің келесі ерекшеліктері бар. Біріншіден, кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін көтеріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің көтерілуін (24 459 теңгеден 28 284 теңгеге дейін) есепке ала отырып, кедейлік шегінің артуы әлеуметтік қолдау мөлшерлерінің өсуін білдіреді. Екіншіден, жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі қарастырылады: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мысалы, мүгедектер немесе қария зейнеткерлер отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептер бойынша жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тартыла алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғыз басты ана) ұсынылатын болады. Ал, шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісімшарт жасасу және барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шартымен, құрамында кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға ұсынылады», - деп ведомство тілшінің ресми сауалына жауап берді.

Еңбек министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шартты атаулы көмек кешенді болып табылады және оның құрамына қолдаудың келесі үш түрі кіреді:

1) атаулы әлеуметтік көмекті төлеу (ақшалай түрдегі жәрдемақы) – қазіргі кездегі сияқты ай сайынғы негізде немесе жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға әлеуметтік келісімшарт жасасу шартымен 6 айға тағайындалатын біржолғы төлем түрінде;

2) келесі шараларды қолдану арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу: а) жұмыс берушілермен ұсынылған бос жұмыс орындарына жіберу арқылы; б) оқуға, тұратын жерді жалдауға, жол жүруге, бір реттік ыстық тамаққа шығындарды толтырумен бірге, оқуға жіберу және мемлекет есебінен стипендия төлеу арқылы; в) еңбекақыны мемлекет есебінен төлеп, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу; г) өз ісін ашуға немесе оны кеңейтуге микрокредит ұсыну арқылы.

3) қажеттілік болған жағдайда мүгедектерді оңалту шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер, медициналық қызметтер, тұрғын үй коммуналдық қызметтерді төлеуге көмек кіретін әлеуметтік қызметтер пакетін ұсыну және т.б.

«Жалпы, үшіншіден, жүгіну және төлемдердің жаңа түрлерін тағайындау процесі оңтайландырылады. Жаңа шарттарға сәйкес, жоғарыда көрсетілген қолданыстағы әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау үшін үш құжаттар пакетін ұсынудың орнына бір құжаттар пакетін жинап, Халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық жерде – ауылдық округ әкіміне жүгіну жеткілікті», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

0 пікір
Мұрағат