2016 жылы Қазақстанда қанша адам іздеуде болды?
|
2016 жылы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары 19 595 адамға іздеу салды, оның ішінде, 6 963-і қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін іздеу салынғандар, 4 674 адам хабар-ошарсыз жоғалғандар, сондай-ақ, 7 958 азамат атқарушы өндіріс бойынша борышкерлер/жауапкерлер ретінде тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Іздеудегі қылмыскерлердің жалпы санынан жартысы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандары үшін іздеу салынғандар. Ең көп мөлшерде жеке меншікке қарсы (4110), халықтың денсаулығына және имандылығына қарсы (401), есірткі заттармен байланысты (404) қылмыстық құқық бұзушылық жасағандарға іздеу жарияланды. Осы ретте 4 288 адам ұсталуына байланысты оларға қатысты іздеу тоқтатылды», - деп атап өтілген. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінде. Ведомство дерегінше, хабар-ошарсыз жоғалуға байланысты 4 674 адамға іздеу салынды, оның ішінде, кәмелеттік жасқа толмғандар - 597, әйелдер - 1549. Белгілі болғандай, іздеудегі 2 876 адам анықталған. Енді 1 554 хабар-ошарсыз кеткен адамның тағдыры белгісіз. «Көші-қон полициясы органдарымен атқарушы өндіріс бойынша борышкерлер/жауапкерлер болып табылатын 7 958 адамға іздеу салынып, соның 5 414-і ұсталды»,-дейді комитет өкілдері.