200 еуродан асатын тауарға кедендік баж салығын төлеу керек
200 еуродан асатын тауарға кедендік баж салығын төлеу керек
2 сағат бұрын 44 naryk.kz

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі сыртқы электрондық сауда тауарларын әкелудің жаңа ережелерін бекітті. Бұл өзгерістер ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден (Қытай, АҚШ, Еуропа елдері және т.б.) келетін тауарларға қатысты қабылданды.

Басты өзгеріс: Салық қалай есептеледі?

Ең басты жаңалық қымбат зат сатып алғанда төленетін баж салығын есептелу тәртібінде жатыр. 

  • Лимит — 200 еуро. Егер затыңыздың құны 200 еуродан аспаса, ештеңе төлемейсіз, бұрынғыша еркін ала бересіз.
  • Салық енді толық құннан алынады. Бұрын лимиттен ассаңыз (мысалы, 250 еуро болса), салық тек сол асқан сомаға ғана есептелетін. Ал 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап салық тауардың барлық сомасынан (250 еуроның бәрінен) алынады.
  • Мөлшерлеме: Сатып алу құнының 5 пайызы мөлшерінде баж салығы және елдегі қолданыстағы мөлшерлеме бойынша ҚҚС төленеді. Сонымен қатар баж салығы килограмына 1 еуродан кем болмауға тиіс.

Жаңа ережеде бұрынғыдай салмақ шектеуі жоқ, тек тауардың құны ғана есепке алынады.

Қандай тауарлар жеңілдікке ілікпейді?

Кейбір заттарды оңайлатылған декларациямен өткізу мүмкін болмайды. Олардың тізіміне мыналар кірді:

  • Коммерциялық сипаттағы заттар: Күнге күюге арналған солярийлер, медициналық жиһаздар, ойын автоматтары, іштен жанатын қозғалтқыштар.
  • Арнайы рұқсаты бар тауарлар: Қару-жарақ, оқ-дәрілер, қауіпті қалдықтар.
  • Акцизді өнімдер: Алкоголь мен темекі өнімдері.
  • Көлік құралдары: Автомобильдер (оларға жеке ставкалар бар), әуе және су кемелері.

Билік бұл қадамды сұр импортпен күрес деп түсіндіреді. Осы уақытқа дейін көптеген кәсіпкер тауарды жеке пайдалану үшін деп рәсімдеп, салық төлемей тонналап тасып келген. Бұл мемлекет қазынасына нұқсан келтіріп, салықты адал төлеп отырған отандық сатушыларды тиімсіз жағдайға қалдырды.

0 пікір
Мұрағат