ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Наурыз аталып өтті
ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Наурыз аталып өтті
9 жыл бұрын 2614 Baq.kz

Парижде Біріккен Ұлттар білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Штаб-пәтерінде Әзербайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркияның Тұрақты өкілдіктері Халықаралық Наурыз күніне арналған іс-шара ұйымдастырды.  

ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Нада Әл-Нашиф өз сөзінде «Наурыз мәдени әралуандық, өзара сыйластық пен үндесудің тамаша мейрамы», - деп айта кете, оның маңыздығын БҰҰ халықаралық мейрам ретінде жариялау және ЮНЕСКО Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы жөніндегі көрнекі тізіміне енгізу арқылы танығанына назар аударды.


Іс-шараға жиналған қонақтар – халықаралық ұйымдардың, ғылым, мәдениет және өнер тану өкілдері ұлттық тағамдардан, соның ішінде қазақ тағамынан да дәм татты. Жиын барысында Қазақстан халқының мәдени мұрасы, өнері және дәстүрі жөніндегі басылым өнімдері мен иллюстрациялық материалдар таратылды.


Ұйымдастырушылар тарапынан сөз алған Иран Елшісі Ахмад Джалали жарқын мейрамға арналған салтанаттың ЮНЕСКО төрінде дәстүрге айналғанын атап өтті.


Ағымдағы жылғы желтоқсанда ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі комитеті енді, Әзербайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан, 12 елдің атынан жаңартылған «Наурыз» номинациясын Адамзаттың көрнекі тізіміне енгізу мақсатында қарастыратын болады деп күтілуде.

0 пікір
Мұрағат