Үйлену тойының шығынын өз мойнына алатын мемлекет
|
Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі шаңырақ көтеруге ниеттенген жас жұптардың үйлену тойының шығынын өз мойнына алатын болды. Нақтырақ айтқанда, үкімет жанындағы Marriage Fund қоры 1992 жылдан бері өз алдына бөлек отбасын құрғысы келетін БАӘ жастарына 70 мың дирхам (19 000 доллар) шамасында қайтарымсыз қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет мұндай қадамға ел аумағында шетелдік жұмысшылардың көбеюіне байланысты әмірлік арабтарының өсіп-өнуіне жағдай жасау мақсатында барып отыр. Мұндай қолдауға ие болуы үшін жас жұптарға мынадай шарттар қойылады: күйеу жігіт те, қалыңдық та әмірлік азаматы болуы керек, күйеу жігіттің жасы 21-ден, ал қалыңдықтың жасы 18-ден кем болмауы тиіс, егер жесір қалған әйелмен үйленгісі келсе, онда ер-азамат үшін бұл бірінші некесі болуы керек. Таяуда ғана қаржылай қолдауға ие болатын жас жұптардың жалақысына қатысты шектеу мөлшері өзгертілді. Бұрын тек айына 20 мың дирхам (5 440 долар) алатындар ғана мұндай қолдауға ие болса, ендігі жерде айына 25 мың дирхам (6 800 доллар) жалақы алатындар да осындай қолдауға қол жеткізе алады.