«Сотталушылардың еңбегі қоғам үшін» жобасы өз нәтижесін беруде
«Сотталушылардың еңбегі қоғам үшін» жобасы өз нәтижесін беруде
8 жыл бұрын 2414

Қоғамдық тәртіпті бұзушылар мен қылмыс жасаған адамдарды тазалық жұмысына тарту нәтижесінде Алматыда 20 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл «Сотталушылардың еңбегі қоғам үшін» жобасы аясында атқарылған жұмыстың нәтижесі. Ұйымдастырушылар Алматыда алғаш қолға алынған бұл шара еліміздің өзге де өңірлерінде қолдау табады деген сенімде. 18-40 жас аралығындағы 60 адам Наурызбай ауданында орналасқан балабақша маңын тазалауға кірісті. Бұл жерге қала тұрғындары тұрмыстық күл-қоқысты тастауды әдетке айналдырған. Жұмыссыз бос жүргендер осындай еңбек жасақтарына тартылуда. Мұнда түрлі жағдайға тап болған адамдар бар. Дені қоғамдық тәртіпті бұзып, әкімшілік жауапқа тартылған жастар.   Рысбек Досмантайұлы, қалалық прокуратураның басқарма басшысы: - Жұмыс атқарып жатқан сотталғандар. Бұлар бас бостандығынан айырылып, мәжбүрлі еңбекке тартылғандар. Араларында нәзікжандылар да бар. Жазаларын мойындайды. Сот шешімін өтеу мерзімі екі жетіден 1 жылға дейін.   Сламжан Мақсұтов, жазасын өтеуші: - Көлікке ішімдік ішіп отырдым. Қазір өкінемін. Тәртіп сақшыларының қолына түсіп, енді қазір жазамды өтеп жатырмын. «Сотталушылар еңбегі қоғам үшін» жобасының мақсаты – қала тазалығына бөлінетін бюджет қаржысын үнемдеп, аяғын шалыс басқан жандарды еңбекке тарту арқылы тәрбиелеу. Істі болғандар жазасын өтеу мерзімінде 1 жылда 240 сағат қоғамдық жұмыс атқарулары керек. Балтөре Прәлиев, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары: - «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді. Қазақта сондай сөз бар. Сондықтан аяғын шалыс басқан азаматтарымызды еңбеке баулу арқылы тәрбиелеу бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі болып табылады. Қазіргі таңда Наурызбай ауданында тіркеуге алынған 111 азамат бар. Осындай тазалық шараларын қаланың бірнеше ауданында өткізу жоспарланып отыр. Бүгін Наурызбай ауданындағы арықтар мен өзен арналары тазартылды. Нәтижесінде 20 тонна күл-қоқыс шығарылды.

0 пікір
Мұрағат