Шыт жаңа министрдің арыны қатты: өзін-өзі белгісіз жұмыспен қамтығандарға салық төлетпек
|
«Шаршаған» Тамара Дүйсенованың орнына келген су жаңа министр Мәдина Әбілқасымова қазақша сауалдарға жауап бере алмай, тілшілерден қашып кетті.
Алғашқы сұхбатында-ақ қазақшасы үш сөйлемнен соң бітіп қалған шенеунік, ана тілімді аз күнде үйренемін деп саспады. Бірақ, Үкіметтің алғашқы отырысына қатысқан күннен лауазымды шендінің қарқыны қатты. Экс-министр Тамара Дүйсенованың қателіктерін қайталамаймын, жұмыссыздар мәселесін аз уақытта шешемін деп отыр, деп хабарлайды stan.kz порталы 31 арнаға сілтеме жасай отырып.
Өткен аптадағы отырыста президенттен тек ескерту алып, жылы орындарында қалғаннан кейін бе Үкімет мүшелерінің көңіл күйлері жақсы. Қызметімен қоштасқан жалғыз шенді Тамара Дүйсенованың орнын басқан су жаңа министр Мәдина Әбілқасымова тіптен көңілді. Шенеуніктің мәз болатындай жөні бар секілді. Премьерге экс-министр 5 жыл шеше алмай президенттен сөз естіген жұмыссыздар мәселесін аз уақытта реттеймін деп баяндады. Ол үшін заңға өзгеріс енгізіп, өзін өзі белгісіз жұмыспен қамтып жүрген 3 миллион азаматты ресми тіркеп, оларға мемлекетке салық төлетпек.
“Бізде шамамен 2-3 миллион өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген адам бар. Олар ешқандай салық төлемейді, зейнетақы қорына қаржы аударылмайды. Міндетті сақтандыру қорына да қатыса алмайды. Біз осыны реттеу үшін жаңа заң әзірлеп жатырмыз”, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Министр болғанына бар-жоғы төрт күн өткен Мәдина Әбілқасымова қайтарылған міндетті сақтандыру жобасын да реттеймін деп қарқынды. Қарағандыдағы кеншілер мен Астанадағы Әбу Дабидегі еңбек дауларын шешудің жаңа ережелерін бекітуді де ұсынды. Үкіметте осының бәрін тек орысша баяндап шыққан Мәдина Ерасылқызы тілшілердің мемлекеттік тілде қойған сауалдарына жауап бергісі келмей, қазақша сөйлем құрай алмай қиналды. Ана тіліңізді қашан үйренесіз деген сауалға мүдірген министрдің орнына хатшысы жауап беріп, басшысын жетектеп алып кетті.
“Дайындалып қазақ тілінде сұхбат беремін. Үш төрт айдың көлемінде”, – дейді министр.
islam.kz - "Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандар" тіркесі әу бастан күмәнді ұғымға берілген. Санда бар да, санатта жоқ, яғни, олардың қалай күнкөріп жүргенін қалай анықтайтынын ашып айтпады. Жұмыссыздық онсыз да ушығып тұрғанда кездейсоқ кезіккен жұмыспен, малдың соңында, тиіп-қашып жүріп, т.б. жан бағып отырған әлеуметтің сыздаған жарасын жарып жібергенмен, яғни, жатқан жыланның құрйғын басып жібергенмен бірдей ессіз әрекет қой мұнысы.