Швед социализмі
Швед социализмі
6 жыл бұрын 9869 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Швеция салығы ең жоғары ел. Әлем бойынша бірінші орында тұр. Әлемде «швед социализмі» термині қалыптасқан. (швед үстелі дегені сияқты – ред.). Бұл арада мемлекет кепілдігінің қоғам мүшелері арасында теңдей бөлінетіні турасында сөз болып отыр. Жергілікті тұрғындар да әлеуметтік сыйлықтың қайдан келіп жатқанын білетіндіктен салықтың жоғары болғанына наразылық білдірмейді. Бір швед отбасының орташа жылдық табысы 70-90 мың еуро аралығында. Шведтердің бір отбасы әдетте бес жаннан тұрады: отағасы, бәйбішесі, 2-3 перзент. Әрбір ересек шведтің орташа жалақысы – 3,5-5 мың еуро шамасында. Аталмыш елдегі ең басты жетістік – жұмыс кепілдігі: оның құқығы барынша жан-жақты қорғалған әрі кәсіподақ комитеті олардың мүддесін қорғауға дайын тұрады. Мемлекет балаларды кәмелет жасына толғанша тегін медициналық игіліктермен қамтиды, ересектердікі де тегін десе болады. Скандинавиядағы бұл елде прогрессивті салық жүйесі өз-өзін ақтаған. Ел азаматтары 30-55 пайызға дейін жеке бас табыс салығын төлейді. Бұдан бөлек, жұмыс беруші жеке бас табыс салығынан өзге әр жұмысшы үшін тағы 32% салық төлеуге мәжбүр. Бұл елде капиталдың өсуіне де салық салынады. Яғни, табысыңыз артқан сайын салық мөлшері де көтеріледі. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, мәселен, сіз акцияңызды, асыл тасыңызды немесе мүлігіңізді сатып алған кездегіден жоғары бағамен сататын болсаңыз, мемлекет қазынасына баға айырмашылығына қарай 30% салық төлеуге міндеттісіз. Я болмаса, акцияның құны көтерілсе, одан түсетін дивидендтен де салық өндіріліп алынады. Бүгінгі таңда бұл елде отын (энергия) салығы 60%-ды құраса, азық-түлік сатып алғаныңыз үшін 12% салық төлейсіз. Осылай жалғасып кете береді. Тіпті, үйіңіздегі теледидар үшін де салық төлейсіз – мейлі жаңасын сатып алсаңыз да, ескісі тұрса да - 1%. Алайда, осы жылдың қаңтар айының 1–нен бастап, бұл заңның күші жойылып, ендігі жерде үйінде теледидары жоқтар да салық төлейтін болды. Десе де әлемнің көптеген елдерінде салынатын мұраға қатысты салық бұл елде кездеспейді. Егер адам бақилық болса, оның барлық мүлік-мүккәмалы отбасы мүшелеріне немесе мұраға қалдырылған адамға беріледі. Десе де аталмыш елде жылжымайтын мүлікке салық салынбайды, өйткені, азаматтар тұрып жатқан пәтер оларға уақытша берілген, үй-жай мемлекеттікі немесе кооперативтікі. Алайда, жерге салық салынады. Мейлі, ол орман-тоғай немесе жазық дала болса да. Шведтер осы уақытқа дейін салықтарын кешіктірмей уақытылы төлеп келген еді. Кейінгі кезде елге келген босқындардың көбеюіне байланысты ел тұрғындары наразылық танытып жатыр. Өйткені, салықтан жиналған қаражаттың өздерінің игілігіне емес, келімсектерге жұмсалып жатқанына наразы. 

0 пікір
Мұрағат