Қырғызстаннан экстремистер келуі мүмкін бе?
Қырғызстаннан экстремистер келуі мүмкін бе?
9 жыл бұрын 3277

Жуырда Қырғызстанның Ош облысында жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде алты адамнан тұратын террористік топтың қолға түскені туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде Tengrinews.kz порталында жарық көрген болатын. Олардың төртеуінің азаматтық соғыс өрті шарпыған Сириядағы лаңкестер лагерінде әскери дайындықтан өткені, сондай-ақ, олардың Қырғызстан аумағында ауқатты азаматтарға қарулы шабуыл жасап, оларды тонаумен айналысқаны белгілі болды. Полиция олардың баспанасын тінту кезінде АКС автоматын, түрлі калибрлі 1760 патронды, тапанша оқшантайын, автоматтың екі оқшантайын, қосауыз мылтық, газ тапаншасын, алты бетперде, т.б. тауып, тәркілеген болатын. Іле-шала Tengrinews.kz ақпарат көзінде елімізге белгілі саясаткер Досым Сәтпаевтың экстремизмге қатысты пікірі жарияланды. Ол Еуроазиялық экономикалық одақтың кеңеюіне байланысты (бұл арада Қырғызстанның осы одаққа кіруі турасында айтылып отыр – ред.) көршілес жатқан Қырғызстан аумағынан елімізге экстермистердің келу қаупін жоққа шығармады. Сарапшының сөзіне қарағанда, Орталық Азия бойынша террористерден төнетін қауіп, әсіресе, Қырғызстанда қатерлі сипат алған. Саясаткердің айтуынша, бұған ең алдымен биліктің екі мәрте ауысуымен байланысты мемлекеттік құрылымдардың, соның ішінде, құқық қорғау жүйесі мен шекара қызметінің жұмыс тиімділігінің төменгі деңгейге түсуі себеп болып отыр. Досым Сәтпаев Алатаудың ар жағындағы бауырлас елде мұндай картинаның 2005 жылдан бері байқалып отырғанын жеткізген. Яғни, әлі күнге дейін экстермистік ұйымдардың қызметін қадағалауда дәрменсіздік танытып отыр. Сарапшы, сонымен қатар, Қырғызстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдыңсын көтермейтінін де алға тартып отыр. Жұмыссыздық пен кедейшілік, әсіресе, Қырғызстанның оңтүстік аймақтарында толғағы жеткен мәселеге айналғанын тіле тиек етті. «Қырғызстанның оңтүстігінде ең бірінше «Хизбут-Таһрир әл-Ислами» секілді түрлі экстремистік құрылымдардың қызметі өріс алғаны жасырын емес»,- дей келе аталған ұйымның ел оңтүстігіндегі ықпалының зор екенін жеткізді. Әрі аталған ұйымның ықпал ету аясын кеңейтіп келе жатқанына да алаңдаушылық білдірді. Ол бұл елдің азаматтарының қолына қару алып, Сириядағы және Ирактағы соғысқа кетіп жатқанын да жайып салды. Міне, осының бәрін ескере келе Қырғызстандағы экстремизмнің ЕАЭО елдеріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін жоққа шығармады. Қазақстан осы одақтың құрамында болғандықтан әрі көрші жатқандықтан бұл қауіп ең алдымен біздің елге төнетінін ұқтырды. «Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі оған біршама артықшылықтар береді – тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің, ең бастысы –– жұмысшы күшінің еркін айналымы радикалдардың ЕАЭО елдеріне өтуіне қолайлы жағдай тудырады»,- деді саясаткер. «Қай жерде еңбек миграциясы бар болса, сол жерде қылмыстық әрі экстремистік топтардың қаптайды»,- деп сөзін тұжырымдады.

0 пікір
Мұрағат