Қазақстанда гигиеналық заттардың жарнамасына тыйым салу ұсынылды (қандай тауарларды жарнамалауға тыйым салынған)
|
Қазақстан телеарналарынан гигиеналық заттар жарнамасын көрсетуге тыйым салу ұсынылды.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа министрлік блогы арқылы жүгінген қазақстандық Айнұр Солтанқұл мұндай жарнамалар отбасымен бірге отырып теледидар көрген кезде адамды ұялтатындығын баса атап өткен. «Отбасы мүшелерін немесе қонақтарды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын әйелдерге арналған төсемелер, мүшеқаптар сынды жарнамаларды алып тастау мүмкін бе?», - деп жазды ол.
Осы орайда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Жарнама туралы» Заңға сүйене отырып, оның шектеу қойылатын түрлерін атап өткен. Атап айтқанда, этил спиртін және алкоголь өнімін, ана сүтін алмастырушыларды, сәйкестікті растаудан өтпеген, сәйкестігі міндетті түрде расталуға жататын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді), темекі және темекі бұйымдарын, алкоголь өніміне, темекі және темекі бұйымдарына сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған әртүрлі іс-шаралар, соның ішінде, ұтыстар, лотереялар ойнату нысанында, қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады. Алкоголь өнімін, темекі және темекі бұйымын тікелей немесе жанама ұсынатын, алкоголь өнімінің, темекі және темекі бұйымының атауы ретінде белгілі болған тауар белгісінің элементтерін немесе атауын пайдалана отырып, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жарнамалауға тыйым бар. «Бұған қоса, медициналық қызметтерді, профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың әдістері мен құралдарын, дәрілік заттарды, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды, тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалаудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасымен реттеледі. Жоғарыда айтылғандардың негізінде әйелдердің гигиеналық заттары мен контрацепция заттарын бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалау Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» заңымен шектеу қойылмаған. Осыған орай Сіз атап өткен жарнамаларды телеарналарда таратуға шектеу қою шараларын қабылдау мүмкін емес», - делінген жауапта.