Қазақстан имамдары Түркияда білімін жетілдіреді
Қазақстан имамдары Түркияда білімін жетілдіреді
7 жыл бұрын 2529

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын Түркияға іс сапармен барды, деп хабарлайды Baq.kz. 

Сапар барысында Түрік Республикасы Премьер-министрінің кеңсесі жанындағы Дін істері басқармасының басшысы Мехмет Гөрмезбен және Қорлар істері жөніндегі бас директоратының жетекшісі Аднан Ертеммен кездесті.

Келіссөздер барысында мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара әрекеттестігі, діни бірлестіктер мен қорлардың қызметін реттеу жөніндегі мәселелері талқыланып, діни экстремизм және бүлікшіл идеялардың таралуына жол бермеу тақырыбы бойынша пікір алысты. Сондай-ақ, діни саладағы ынтымақтастықты жалғастыру жайлы, оның ішінде қазақстандық имамдардың Түркияның жетекші теологиялық оқу орындарында біліктіліктерін арттыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын елдегі діни ахуалды зерттеумен айналысатын «TEPAV» атты Экономикалық саясатты зерттеу қорының жұмысымен танысып, дін саласындағы күрделі зерттеулер жүргізумен қатар, ислам дінінің ханафи мәзһабын белсенді ілгерілететін «ISAM» Ислам зерттеулерінің орталығына барып қайтты.

Іссапар барысында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы мен Түрік Республикасы Премьер-министрінің Кеңсесі жанындағы Дін істері басқармасына қарасты «ISAM» Ислам зерттеулерінің орталығы арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметі.

0 пікір
Мұрағат