Қазақ хандығына 550 жыл
|
Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов Түркістан қаласында Қазақ хандығы музейін ашуды ұсынды. Cенат отырысында депутат премьер-министр Кәрім Мәсімовке осындай депутаттық сауал жолдады. Бұл жайында nur.kz сайты Bnews.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
"Үстіміздегі жылы елімізде тұңғыш рет кең көлемде қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады. Негізгі іс-шаралар Жамбыл облысында өткізілмекші. Бұл ретте ғасырлар бойы қазақ хандығының астанасы болған және хандарымыз бен батырларымыздың, билер мен шешендеріміздің мәңгілік мекені қасиетті Түркістан қаласына артылар жауапкершілік аз емес. Қазақ тарихында небір ірі тарихи оқиғалар осы Түркістан қаласында болған", - деді Айтаханов.
Сондықтан қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында Түркістан қаласында республикалық халықаралық дәрежеде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру керек деп есептейді сенатор.
"Қазақ хандығы дегенде Түркістан атауы еріксіз еске түседі. Себебі, мұнда қазақтың 21 ханы және өзге де игі жақсылар жерленген. Сондықтан қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойы қарсаңында Түркістан қаласында қазақ хандығы музейін ашу тарихымызға деген үлкен құрмет болар еді", - деді депутат.
Ол сонымен қатар бүгінде қалалық қазынашылық бөлімі орналасқан Әзірет Сұлтан кесенесі маңында 1903 жылы салынған, патшалық әскери гарнизон штабы ретінде қызмет жасаған тарихи ғимарат бар. Сол нысанды қазақ хандығы музейі етіп мерейтой қарсаңында ашуға толық мүмкіндік бар екенін атап өтті.
BAQ.KZ ақпарат көзінің хабарлауынша, Қазақ Хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Бақытжанұлы Кәрібаевтың «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиясының тұсаукесері өтеді.
Мерейтой қарсаңында жарық көрген ғылыми еңбекте Қазақ Хандығы құрылуының теориялық-әдістемелік мәселелері, хандықтың құрылуының зерттелуі, оның деректері, этникалық және саяси алғышарттары, хандықтың құрылу барысы мен кезеңдері, «қазақ» этнонимі, сондай-ақ хандықтың құрылуының маңызы сияқты мәселелер қарастырылады. Туындыда 60-тан астам шығыс деректерінің мәліметтері пайдаланылған. Бұл – қазақ хандығы туралы жарыққа шыққан тұңғыш монография. Кітапта тарихи деректермен қатар аңыздар да келтіріледі.
Монография ЖОО студенттеріне, магистрлар мен докторанттарға, тарихшыларға, қоғамтанушыларға, жалпы қазақ елінің тарихына қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.