Қан іздеген ағаш отаушының қайырымдылығы (фото)
Қан іздеген ағаш отаушының қайырымдылығы (фото)
6 жыл бұрын 4644 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түріктердің Yeni Şafak ақпарат көзі Трабзон елді-мекенінің 56 жастағы тұрғыны туралы жазыпты. Қан ауруымен сырқаттанатын науқастарға сәйкес донор іздестіретін қор құрған Кенан Сибрикайдың мамандығы ағаш отаушы. Бос уақытында өзі жетекшілік ететін аталмыш қордың жұмысымен шұғылданады. Жергілікті тұрғындар оны Қызыл Жарты Ай атап кеткен. Елуді еңсерген ер-азамат өзінің бұл іспен айналысуына туысының басындағы жағдайдың түрткі болғанын айтады. "1992 жылы менің жиенімді ауыр дерт меңдеді, оған қан құю қажет еді. Біз оған сәйкес келетін донорды табу үшін көп күш-жігер жұмсадық. Нәтижесінде достарымыздың арасынан біреу табылды, кейін оған да қан құю керек болды. Осыдан кейін осындай ой туды",- деді ол. Қан ауруымен ауыратын пациенттерге көмек қолын созатын қордың кеңсесі де жоқ, барлық жазбалар мен құжаттарды Кенан өз үйінде сақтайды. Ол осы уақытқа дейін жинақталып қалған 15 мыңнан аса донор деректерін көздің қарашығындай сақтап келеді. Өйткені, бұл мәліметтер кез келген сәтте керек болып қалады. Өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін. "Бұл іс басында ермек ретінде пайда болған еді, артынан менің міндетіме, борышыма айналып кетті",- деді ағынан ақтарылған ол. Ол тек қан донорын іздеп қоймай, өзі мен отбасы жиі қан тапсырып тұрады. 

0 пікір
Мұрағат