Орақтұмсық жыл құсы деп танылды
Орақтұмсық жыл құсы деп танылды
10 жыл бұрын 9952

BAQ.KZ ақпарат көзінің хабарлауынша, ҚБСА және ҚР құстарды қорғау одағының бірлескен шешімімен 2015 жылдың құсы болып орақтұмсық құсы танылып отыр.

Бұл құс қарала балшықшылар тұқымдасына жатады. Қазақстанда Солтүстік және Батыс Тянь-Шаньның биік таулы беткейлерінде, Іле Алатауының Үлкен және Кіші шатқалында, Шелек, Асы, Қаражар және Қарқара өзендерінің жоғарғы ағысында кездеседі. Дене тұрқы 41 см, салмағы 300 г-дай, қанатының ұзындығы 22 – 25 см. Арқасы және жемсауы сұрғылт келеді, кеудесінде қара жолағы бар. Орақ тәрізді имек тұмсығы мен аяқтары қызыл түсті. Орақтұмсық – отырықшы құс. Жеке жұптары ұсақ тастар арасына шұңқырлап ұя салады. 3 – 4 жұмыртқаны мекені мен қоразы кезектесіп басып, балапандарын да бірігіп өргізеді. Негізінен ұсақ балықтармен және әр түрлі омыртқасыздармен қоректенеді. Орақтұмсықтың жылдан жылға саны азаюда, Алматы хайуанаттар паркінде 4 жұбы қорғалады. Өте сирек кездесетін құс болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
Аталған құстың суреті Алматы қаласында 2015 жылдың тамыз айында өткелі отырған XIV солтүстік Еуразия халықаралық орнитологиялық конференциясының эмблемасы болмақ. Шараны Ресейлік, Қазақстандық ұйымдар өткізгелі отыр. 
Мұндай құс таңдау үрдісі 2006 жылдан басталған болатын. Мақсат құрып бара жатқан құс түрлерін барынша насихаттау болып табылады. 2014 жылы ақбас үйрек таңдалған еді.

 

0 пікір
Мұрағат