Мың алғыс - 2 сағатта 3 миллионға жуық қаржы жиналды
Мың алғыс - 2 сағатта 3 миллионға жуық қаржы жиналды
7 жыл бұрын 7468

Қазақ радиолары ұйымдастырған «Мың алғыс» қайырымдылық кешінен 3 миллионға жуық қаржы жиналды. Бұл қаржы туғаннан көзі көрмейтін 1 жасар Арманның еміне беріледі. Арманның анасы Меруерт Айдарәлиева былтыр қыркүйек айында «Жан жылуы» бағдарламасына хабарласып, көмек сұраған болатын. Оның 1 жасар ұлына дәрігерлер глаукома, яғни су қараңғылық диагнозы қойған еді. Ал оны емдеу үшін Ресейге баруға тура келеді.

«Ресейлік мамандар баланы «алып кел» деп шақырды. Бірақ бір көзді емдеудің өзіне 2 миллиондай теңге кетеді. Ондай қаржы жоқ. Баламның ең болмаса бір көзі көрсе екен. Арманым сол. Сол үшін көмек сұрадым. Қазақ радиосы үмітімді ақтады. Концертте осындай қуанышқа кенелемін деп ойлаған жоқпын. Алғысым шексіз»,- дейді Меруерт Айдарәлиева.

2 сағатқа созылған қайырымдылық шарасында жомарт жандар аз болмады. Болатбек Жоланұлы есімді үлкен жүректі азамат емдеу орнына барып келуіне қажет жол билеттерін алып беруге уәде берді.

Белгілі исламтанушы, ғалым  Қайрат Жолдыбайұлы мен Шымкентік кәсіпкер, «Ернияз» компаниясының бас директоры Ербол Дайраш көмекке зәру отбасына 2 млн теңге берді. Ал қайырымдылық кешін тамашалауға келген халықтан, нақтырақ айтқанда, 690284 теңге жиналды.

Бұл қаражатты Қазақ радиосының ұжымы қолдауға зәру отбасына табыстамақ. Айта кетейік, «Жан жылуы» бағдарламасының «Қазақ радиосы» эфиріне шыққанына 9 ай болды. Осы уақыт ішінде бағдарлама 5 баланың шетелде ем алуына, 1 көп балалы отбасының 3 бөлмелі пәтерге ие болуына сеп болды. Көмекке мұқтаж жандарға «Қазақ радиосының» тыңдаушылары тарапынан 33 млн теңгеден астам қайырымдылық жасалды.


Қайнар көз: qazradio.fm 

0 пікір
Мұрағат