Мультфильм режиссері Әбдіқадыр Сабыр: ҚОШАҚАН - ҰЛТТЫҚ БРЕНД БОЛА АЛАДЫ!
Мультфильм режиссері Әбдіқадыр Сабыр: ҚОШАҚАН - ҰЛТТЫҚ БРЕНД БОЛА АЛАДЫ!
8 жыл бұрын 5000 bag.kz

Орыс мультфильмі дегенде көз алдымызға бір-бірін қуып жүрген қасқыр мен қоян келеді, аюдың есін шығарып, маза бермейтін тентек сары қыз Маша ойға оралады. Америкалық анимация дегенде Микки Маус, «қыз қуу» ойнап жүрген тышқан мен мысық ауызға түседі. Қазақ мультфильмі ше? Сөз жоқ бірінші кезекте «Қарлығаштың құйрығы неге айырды?» есіңізге түсіресіз. Әрине, одан бері де бірсыпыра дүниелер жасалған шығар, алайда, тілдік қолдану аясының, яғни қазақ тілінің тар шеңберінен бе, әлде кәсіби деңгейінің төмендігінен бе, әйтеуір, қазақ мультфильмінің көсегесі көгермей-ақ қойды. Оның үстіне, бұл аса күрделі, жасалуы қиын, шығыны көптеу өнердің жанашырлары да аздау. Ал шынымен көмек көрсеткісі келгендердің материалдық мүмкіндігі жете бермейді. Осы қазақ мультфильмінің көшін шама шарқынша алға сүйреп келе жатқан саусақпен санарлық азаматтардың бірі - Әбдіқадыр Сабыр. Ол қазақ мультфилімінің өз кейіпкерін айқындасақ, ол да орыстың аюы мен Уолт Диснейдің Миккиі секілді қалыптасса екен деп армандайды. Оның ойынша қазақ мультфильмінің негізгі кейіпкері қошақан болуы керек... Әбдіқадыр Сабыр бүгін ердің жасы 50-ге келді. Туған күнінің қарсаңында құттықтай барып, әңгімеге тартқан едік... 

- Осы уақытқа дейін мен жасадым деген мультфильміңіз бар ма?

- Мен осыдан оншақты жыл бұрын Қазақфильмде жұмыс істеп жүргенімде ең алғашқы «Менікі» деген мультфильмімді жасадым. Одан кейін «Кім патша болады?» деген мултьфильм жасадым. Осы туындының негізінде «Қазақ радиосында» радиотілші Сара Рахметованың атсалысуымен радиомультфильм де жасап әуе толқыны арқылы тараттық. Одан кейін Алматы телеарнасының тапсырысы бойынша Серік Әбікенұлының кеңесімен қазақ батырларының тұлғасын жасаған, тарихи қысқа метражды мультфильмдер топтамасын жасадық. Бюджеті тым аз болғанына қарамастан екі адам болып 20-дан астам серия жасадық.

- Жалпы, мультфильм жасауға мемлекеттік тапсырыс алып көрдіңіз бе?

- Ең алғашқы Қазақфильмде жасаған мультфильмдерім мемлекеттік тапсырыс болатын. Кейін, 2009 жылдың аяғында Астанаға көшіп келдім. Біраздан кейін, Астананың әсемдігін айшықтап, бүгінгі келбеті мен келешегін насихаттайық деген идеямен қаланың әкімдігіне ұсыныс тастадық. Әкімдік бізді қолдады, сөйтіп, сол 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай, «Бәйтерек қасиеті» деп аталған көрермен көзайымы болған мультфильм жасап шығардық. Ол осы қаладағы барлық кинотеатрларда, әрбір киносеанстың алдында бірталай уақыт көрсетілді. Аралас 2 D және 3D форматта жасалған, 12 минуттық тамаша дүние болып шықты. Қаржының бөлінуіне байланысты, уақыт та тым қысқа болды. Небары 1,5 айдың ішінде жасап шықтық. 4 маман жұмыс істедік. Мен өзім әрі сценарист, әрі режиссер-аниматор әрі продюсері болдым. Осы мультфильмде уақыттың тапшылығына қарамастан қиялымызға әбден ерік бердік. 200 жылдан кейінгі Астананы көрсетуге тырыстық, негізгі кейіпкердің көлігінің әртүрлі кейіпке трансформациялануы, қаладағы ғимараттардың ерекшелігі, сәулет өнерінің салтанаты құрғаны, қаланың мұнтаздай тазалығы, жасыл әлем, қысқасы, қиялдағының бәрін сыйдыруға тырыстық. Жалпы, тапсырыс болғанымен өте жақсы шығармашылық жұмыс болды. Бұл менің өзімнің жұмысымдағы және жалпы, қазақ мультфильмінің ішіндегі белгілі бір серпіліс, өсу дер едім.

- Орыстардың жаңағы сотқар сары қызы мен аюы немесе барлық орыс ертегілерінің жиынтығы іспетті «Серый волк», америкалықтардың «Человек паугі» бар... Оның мультфильмі де, киносы да бар. Осылар сұмдық кассалық дүниелер болды. Біздің бір де бір мультфильміміз пайда таппақ түгіл, өз шығынын ақтаған жоқ. Неге? Бізде бәлки, менталитет басқа шығар? Көптеген ойларымызға, қиялымызға ерік бере алмайтын шығармыз? Ұят қой, әсіре қиялдап кетпейікші дегендей. Мысалы, Гарри Поттерді алайық... Мүмкін емес нәрселер ғой, бірақ, солар негізі ақша табушы дүниелер, солар сұраныста. Не себепті, біздің дүниелеріміз сол деңгейге жетпейді? Маған кейде, «біздің ішкі цензурамыз басым ба деген де ой келеді. Әйтпесе, біз де бір кісідей қиялдап, фантастика тудыра аламыз ғой...

- Әрине, қолымыздан келеді. Бізде аниматордың қиялы шексіз. Расында да, неше түрлі қиялдар бар. Оны жаңа айттым, жүзеге асыруға да болады. Біз мысалы соны істеп көрдік. Бірақ, бұндай нәрселер тапсырыс берушіге де байланысты. Өзіңіз айтпақшы ішкі цензурамен қатып қалғандар да бар. «Ұят қой» деп. «Қазаққа жат, дұрыс емес» деген нәрселер бар. Жануардың өзін қазаққа ұқсастырып сал деген де нұсқаушыларды өз көзіммен көрдім. Ал енді өзім, еркін түрде, таза шығармашылықпен сценарий жазсам, кейіпкер ойлап табатын болсам, көріністерді оған шектеу қоймаймын.

- Мысалы, «Том мен Джерриді» алайықшы, бір ғана бөлменің ішінде болып жатқан оқиға. Мысық пен тышқан бір бірін қуалап жүріп-ақ, бүкіл бала біткенді өзіне телміртіп қойып, музыка тыңдатады. Яғни, ол жердегі негізгі мақсат, музыка тыңдату, әуенді баланың бойына сіңіру.

- Ол туынды соғыс кезінде екі рет «Оскар» алған. «Том мен Джерри» мультфильмін ең көп сынаушылар да менің әріптестерім екен. Неге? Өйткені, олардың айтуы бойынша дөрекілік басым екен. Физика заңдылығына жатпайтын дүниелер келтірілген дейді. Сонда деймін, егер аниматордың қиялы ұшқыр болмаса, онда жұмыс солыңқы шықпай ма? Көрермен теріс айналмай ма? «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің танымал болуы - сол қойылған сұрақ, яғни тақырып пен оның музыкасы. (композиторы Нұрғиса Тілендиев).

Енді жаңа шетелдік мультфильмдердің өз кейіпкерлері барын айтып отырмыз ғой, біздің қазақ мультфильмінің бренді болатын нақты кейіпкері бар ма?

- Мұндай кейіпкер жоқ. Ортақ кейіпкер жоқ. Менің ойлап тапқаным «Қасқыр мен қарға», «Қошақан», «Қара торғай», «Ақбөкендер» туралы идеям бар. Міне осылар біздің ұлттық бренд болатын персонаждар деп сенімді түрде айта аламын. Соның ішінде «Қошақаным» Ұлттық бренд бола алады! Оған арнап ән жаздым да, сөзін де.

- Иә. Бізде Ә десе батырлар, Ә десе кеп бітпейтін қазақтың даласы мен Бурабайы мультфильмде қандай сюжет көрсетсек те, осы көріністер. Басқаға қияылымыз жетпей ме?

- Патриотизм дегеннің мағынасы кең ғой... Мультфильм жасағаннан кейін біз оның барлық бағыт-бағдарын ойлауымыз керек. Бірінші ой туындайды. Ой өз ортасында талқыланады. Сол талқылаудың барысында оның мағынасы, көркемдік шешімі, коммерциялық талаптары сөз болады. Біздің елде табыс әкелетін мультфильм жасау жолы мүлдем жоқ. Бурабай еліміздің маржаны. Мақтанышпен айта аламын - Бетпақ даламыз да өр мінезді, ешкімді мойындай қоймайтын батырлығы мен кең кеуделі алып батырымыздың образында. Ол батырдың еркесі ақбөкендеріміз бар. Сұлу маралымен ерекшеленетін Шығысымыз бар. Дәстүрімізді берік ұстанған Батысымыздың табиғаты, теңізі бар. Ұлы Жібек Жолындағы көне қалалар мекені Оңтүстігіміз бар! Дұрыс айттыңыз, біліміміз жеткенімен, қиялымыз шектеудің қорасынан алыс кетпей жүргені үлкен сын.

- Мәселе қиялымыздың шектеулігінде ғана емес басқасында дейсіз бе сонда?

- Иә, тек ол емес. Жоғарыда айтқанымдай, Ой - талқылаудан соң кезек сценарийге келеді. Сценарист талқылаудың бар сын-пікірлерін ескере отырып бірінші кезекте табыс әкелетінін ойлауы тиіс. Бұл жерде ақша құмарлық емес. Шыққан шығынның орны толып және ол продюсерге (демеушіге, жеке немесе заңды тұлғаға, мемлекетке) пайда әкелуі керек. Қадап айтып отырғанымның өз себебі бар. Мультфильм өндірісі қиын, қаржыны көп қажет етеді деген себептер айта саламыз. Тағы да ой шектеуінде қалып қоюдамыз. Сонымен қатар туындының менеджменті, маркетингі де үлкен табыс көзі. Маркетинг жұмысы жақсы жүйемен атқарылса, туынды танымал бола бастайды. Қаржылай пайдасын көре бастаған туындының авторы кім деген сұрақ бірден жауабын іздей бастайды. Кім шығарды? Ол Қазақстанда жасалған. Ол тіпті қазаққа ұқсай ма, ұқсамай ма? Мәселе онда емес, ол Қазақстанда жасалған болып шығады. Енді әңгімеміз патриоттықты насихаттай отырып, табыс табу дегенге келіп отыр ғой. Бұл екеуін де мен ұштастырдым.

Жоғарыда айтқан «Бәйтерек қасиеті» деген мультфильмімнің әлі де бірнеше сериясын шығарып, оны кассалық фильмге айналдыруға болады. Ол нақты табыс әкелетін болады. Қалай әкеледі? Табыс табудың әрі танымал болудың ең төте де дұрыс жолы, қажет жолы, сол - маркетинг. Осы кейіпкерлерді енді ойыншықтарға айналдыру. Мысалы, сондағы кейіпкердің көлігі, трансформер, ұшатын баланың өзі... Балалар Бэтман немесе Человек паук болам демейді, басты кейіпкер Қайсар есімді баладай болам деп соның ойыншығын алатын болады, соның мультигін көретін болады. Сол сияқты, 200 жылдан кейінгі Астананың мүсіндерін сувенир ретінде шығаруға болады. Оны шағын трейлерлері арқылы жарнамалап, жаңағы ойыншықтарын сатып, онымен бірге билет үлестіріп, сеанстарға тарту секілді жан жақты маркетингтік жұмыстар жүргізу керек.

- Өйту керек, бүйту керек дейміз-ау. Ал нақты ұсынысыңыз бар ма?

- Бар болғанда қандай! Өте көп! Бізге еркін тақырыптағы сериалдар жетпейді. Егер Мәдениет министрлігі, болмаса биыл ғана құрылған Ақпарат министрлігі біздің ұсыныстарымызды қолға алса, біраз ой бар, біраз ұсыныстар бар. Тек қана ойды іске асыру ғана емес, сол ойдың қаржылай пайдасы да болады. Сонда жыл сайын қайтарымы жоқ қаржының орны толып, келесі туындылардың тездетіп іске асуына жол ашылар еді. Қаншама адамның әлеуметтік мәселесі шешілетінін айтсаңшы. Отандық тауар өнімдерін шығаруға серпіліс болатыны бөлек әңгіме.

- Қазір қоржыныңызда жатқан балаларға базарлық бар ма? Демеушілер табылып жатса, жасар едім деген жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

- Бар. Мысалы «ЭКСПО-2017» арналған толықметражды анимациялық фильмнің және сериалдың тұжырымдамасы қазір қолымда бар. Бұнда қазақ ғылымының көкжиегі, осы ғылым арқылы қазақтың жеткен жетістігін сол өтетін ЭКСПО көрмесі арқылы көрсетпекпін. Онда осы дүниежүзілік көрмеге қатысатын жас ғалым туралы болады. Аудиториясы балалар мен қатар ересектерге де арналған. Бұл фильмдер жатта кеп, бас аяғы жоқ мақтау емес. Мақсатым – дүниенің кілті ғылымда екенін көрсету. Бұл біздің жастарымызды ынталандырады, рухтандырады.

- Бұл кәдімгі толық метражды мультфильм ба?

- Ия, толық метражды фильм. Бір азаматтар демеушілік беруге де келісіп, әңгімеміз біраз жарасып та қалған еді. Өкінішке қарай, мынау әлемдегі қаржылық дағдарыс, біздің де кәсіпкерлерге әсер етті. Сомен сәл тоқтап тұр. Фильмнің бюджеті шамамен 200 мың доллардай болады. Өз қаржысын өтейді деп ойлаймын. Бұл ересектерге де арналған. Сюжеттері жанды. Қарқынды. Барлығы динамикада. Лирика да орын алады. Музыкасы да арнайы жазылып оркестрмен орындалады... Сонымен қатар менде еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейінгілерге арналған жобалар бар. Айта кететін болсам, «Бота мен Дельфин» деген сериалдың Тұжырымдамасы бар. Мұнда Бота қазаққа тән, дельфин бөтен елдікі. Көзқарасты кеңейтеді. Каспий теңізіне барып жүреді. Жас Бота болғаннан кейін қайықпен жүзеді. Құлап кетеді де аяқ астынан дельфин пайда болады. Көмектесіп дос болады. Дельфин мен Бота екеуі қазақтың бүкіл географиясын, тарихын таныстыратын болады. Отбасымен бірге отырып көретін «Перген атаның отбасы» туралы сериалым да өз кезегін күтуде. «Қараторғай» деп аталатын тентек торғай туралы сериалым көпшіліктің көңілін көтерер әрі ой салар деген үміттемін.

- Тәуелсіздіктің 25 жылдығының қарсаңында тұрмыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына жасаған үлкен сыйлығыңыз бар екен. Бұл жолғы мерейтойымызға немен келе жатырсыз?

- Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында «Бәйтерек қасиетін» өзім жасасам, енді 25 жылдыққа Республикалық екі байқауда екі «Бас жүлде» алған ізбасарларыммен-әріптестеріммен келдім. Еліміз талантқа кенде емес. Жастардың талабы орасан зор! Сол жастармен бірге жұмыс істеп жүріп біздің елде осы өнер бойынша керемет дүниелер келетініне сендім.

- Бір әңгімеңізде мультфильмнен басқа, балалар фильмін түсіргіңіз келіп жүргенін, тіпті қазақ эстрадасының қарлығашы Дос-Мұқасан ансамбліне арнап толық метражды фильм түсіру де ойыңызда барын айтып қалдыңыз...

- Жалпы балалар фильміне қатысты ойымның басымда жүргеніне 15 жылдай боп қалды. Ол Қазақфильм киностудиясынан бөлек, балалар фильмдерінің студиясы болса деймін. Мысалы, баяғыда Мосфильм бөлек, М.Горький атындағы жасөспірімдер студиясы бөлек еді ғой, сол сияқты. Бұның формасын өзімше құрып, оны дамытудың жобасын да жоспарлар қойдым: «Программа минимум, программа максимум» деп. Ол мейлі тіпті, Қазақфильмдегі сияқты бір бірлестік болатын шығар. Бірақ, сол Қазақфильмде дәл осы балаларға немесе жасөспірімдерге арнайы бірлестік жоқ. Мен сол кезден бастама көтеріп айтып жүрмін. Бұл мәселені шымкенттік әріптестерім де айтып жүр... Жалпы балаларға арналған жеке студия болғаны дұрыс деп есептеймін. Өйткені, бізде мектепке баратын 3 млн астам бала бар. Яғни көрермен аудиториясы жеткілікті деген сөз. Халық көбейіп келеді. Бұл тек қана Мәдениет министрлігінің емес Ақпарат министрлігінің де кірісетін шаруасы деп ойлаймын. Өйткені, тіпті Мәдениет министрлігінің тапсырысымен жүзеге асқан күннің өзінде, Ақпарат министрлігі арқылы насихаттау мен көрсету жүзеге асырылатын шығар. Балаларға арналған кино жобаларым да баршылық. «Менің сүйікті Астанам» деген балалар фильмінің жобасы бар. Елорда туралы хабар беру. Оптимистерге жол ашады. Ал, писсимистерге ой салады.

Атам репрессия құрбаны болды. Әкем ашаршылықты анасы екеуі көріп аман қалды. «Қара нан жеп отырсаң да соғыс, жанжал болмасын. Жердің пейішінде өмір сүріп жатсыңдар» дейтін. Неге адамның, өткеннің және қазіргінің жақсы жақтарын көп айтпаймыз? Неге өсіп-өнудің ортасын қалыптастырмаймыз? Неге сынау-мінеуге ерік береміз? Айналамыз лас болса да ойымыз бен ниетіз таза болсыншы. Кино, мультфильмдер де солай болсыншы.

«Менің сүйікті Астанам» атты жобамда бір кейіпкер 3D-де жасалынады. Құпия болсын, бірақ кімге болса да қызығушылық салады. Спорт туралы бірнеше кино да, мультфильм де бар.

- Жақсы. Бұлардың Дос-Мұқасан ансамбліне не қатысы бар деймін да?..

- Дос-Мұқасан ансамблі қазақ эстрадасын дүниеге әкелді десек болады. Музыкада үлкен құбылыс болды. Сондықтан осы ВИА «Дос-Мұқасан»-ға кинодан ескерткіш орнатсам деген арманым бар. Қазір ол киноның Тұжырымдамасы дайын. Мұрат Құсайнов ағамызбен келісілген. Ол кісінің өзі де ат салысып жүр. Досым Сүлеевтердің батасын алғам. Кемі 2 режиссер жұмыс істейміз деп отырмын. Ол үшін белгілі кинорежиссерлермен де сөйлескенбіз. Идея авторы менмін. Режиссер ретінде ат салысамын. Бұған енді қолдаушы керек. Жекелеген іскер азаматтар қаржысын көтере алмайды. Бюджеті 8 млн доллар деп отырмыз. Бұл да үлкен жоба. Бұл фильм негізі кассалық кино болады. Өйткені, бұл жобаны біздің көрермен ғана емес, жалпы шетелдік аудитория да көреді деп жоспарладық. Неге десеңіз, «Дос-Мұқасан» тек Қазақстанды ғана емес, әлемді мойындатқан ансамбль.

- Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында ердің жасы 50-ге келіп отырсыз. Дәл орта былай айтқанда. Осы мамандықты таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? Қиындығы көп нәрсе. Жоқ мен инженер болсам, мен жақсы инженер болып кетеді екенмін ғой деген ойлар бар ма?

- Бұл сұрақ маған қатты әсер етіп отыр. Өйткені өзімнің кәсібімді сүйемін. Осы уақытқа дейінгі жасағаным мен үшін үлкен мектеп болды. Мен былайша айтқанда үлкен өнерді енді бастаймын деп отырмын. Істейтін нәрсем өте көп. Мен бүкіл білімімді, тәжірибемді ел үшін беретін жасқа енді келдім. Бүгін біз бармыз, ертең жоқпыз. Бірақ ертеңіміз-ұрпағымыз, Отанымыз бар емес пе. Бұл шексіздік доңғалағы. Сол үшін өмір сүріп, қажырлы еңбек етемін, етуге міндеттіміз! Қазақстанға брендтік кино, мультфильм жасауға дайынмын. Жасыратыны жоқ, мен өзім атаққа, даңққа құмар болмаппын. Ең бастысы кәсіби шеберлік деген ұстанымда болдым. Осы уақытқа дейін диссертация қорғап алатын уақыт та болды. Мультфильм болғаннан кейін, өзім суретін салғаннан кейін, демеушілерді де өзім іздеймін. Сонда көп жағдайда «атағыңыз бар ма?» деген сауалға тап болып жүрмін. «Маған атақтың не керегі бар» деймін. Атақ болмаса перспективаңыз да жоқ па, деп те ойлап қалдым. Бір жағынан қарасақ, 50-ге келіппін. Өзіңіз айтпақшы, алдым мен артым теңдей екен. 50 жасқа келгенде өмір енді басталады... Менің осы уақытқа дейін түйгенім, кешірімді болу да жүрегі үлкен жанның белгісі екен! 50-ге келгенде алды-артыма қарап отырып бойыма сіңіргенім осы. Егер осы уақытқа дейін біреуді ренжітсем, олар мені кешірсін! Ал мені ренжіткен адамдар болса, оларды мен кешіремін. Қазақы дәстүр-салтымызбен, дінімізбен өмір сүрейік.

Осы сұхбатты пайдаланып, бүгінде Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырын тойлағалы отырған елімізді құттықтағым келеді. Еліміз еңселі болсын! Әлемдегі абыройы арта берсін! Айбыны асқан, ырысы тасыған, жастары білімімен жасындай жарқылдаған, Елбасы айтқандай Мәңгілік ел болайық! Жастар оқысын-тоқысын. Ғылымға құштар болған керемет қасиет екен. Өзім қатарлы замандастарыма айтарым, атаққа, ақшаға құмар болмайық. Берсе жастар атақ даңқты бере жатар. Ал, біз, алдыңғы буын жақсы істермен, жақсы сөздермен үлгі бола берейік!!!

- Сіздің де 50 жасыңыз құтты болсын! Білімді, үлгілі шәкірттеріңіз бен көрерменнің көзайымына айналатын шығармашылық дүниелеріңіз көп болсын! Шығармашылық табыс тілеймін!

- Көп рахмет!

Д.Жиенқұлов

1 пікір
  • Әбдіқадыр аға мерейтойыңызбен,Раббымыз Алла сізге зор денсаулық,екі дүние бақытын берсін,ойлаған арман тілектеріңізге жетіңіз.
    8 жыл бұрын
Мұрағат