Маңғыстау облысында қақпанға түсіп қалған леопард табылды
Маңғыстау облысында қақпанға түсіп қалған леопард табылды
10 жыл бұрын 8497

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, Маңғыстау облысында жергілікті шаруа қожалығында малға шауып маза бермей жүрген леопард (мысық тұқымдас барыс) қақпанға түсіп қалған. Сирек кездесетін жануар сол жерде-ақ жан тәсілім етіпті. Бұл туралы Фейсбук әлеуметтік желісінде Sayat Lucky есімді қолданушы өз парақшасында хабарлады.

 Оның айтуынша сурет Жаңа өзен қаласына жақын Құрық жерінде түсірілген.

«Малға маза бермей жүрген отар иесі қасқыр деп ойлап қақпан құрған екен. Бірнеше күннен соң леопард өлі күйінде табылған» деп жазады ол.

Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Маңғыстау облысы прокуратурасы аппаратының бас маманы Нұрат Саматовқа хабарластық. Бұл туралы әзірге хабардар емес екендігін айтқан мамандар, істі анықтағаннан соң бір жақты жауап беретіндіктерін хабарлады.

Айта кетейік, мысық тұқымдас жануарлардың Қазақстанда 8 түрі таралған. Қабылан, қамыс және шағыл мысықтары, сабаншы, қарақұлақ шөлейтті, шөлді, далалы-аймақтарды мекендейді. Сілеусін таулы алқаптардағы орман ішінде, ілбіс (қар барыс) биік таулы алқапта кездеседі. Ал жергілікті тұрғындар қақпанға түскен жануарды леопард деп отыр. Орманды аймақта кездесетін мысық тұқымдас барыс (леопард) ертеде Орта Азияда тіршілік етіп, осы күнге дейін жойылып кеткен деп саналып келген.

 

«Қызыл кітапқа» енген құстар электр бағандарының тоғына түсіп қырылуда

«Қызыл кітапқа» енген бағалы құстар тоққа түсіп қырылуда.

Өйткені, еліміздегі электр бағандарының басым бөлігі құстарды қорғау қондырғыларымен жабдықталмаған. Соның салдарынан сирек кездесетін қанаттылардың мүлдем жойылып кету қаупі де бар.

Маңғыстау даласына зерттеу жүргізген ресейлік және қазақстандық ғалымдар осылай дейді.

Ажал құшқан құстардан табиғатқа 18 миллион теңгеге жуық шығын келіпті. Маңғыстау жазығын дала бүркіті, қарақұс, ителгі, лашын, үкі секілді сирек кездесетін құстар мекендейді. Олардың басым бөлігі Қызыл кітапқа енгізілген. Алайда соңғы жылдары осы бағалы құстар электр желілеріне түсіп, жаппай қырылуда.

Бұған арнайы зерттеу жүргізген Ресей мен Қазақстан ғалымдары көз жеткізіп отыр. Олар рейд барысында бағаналардың түбінде жатқан 123 құстың өлексесін тапқан. Табиғатқа келген шығын 17 миллион теңгеден асып жығылады.

Марк Пестов, орнитолог:

Міне, біз қазір ғана «Қызыл кітапқа» енген үкінің өлексесін таптық. Қанатты құс электр бағанына қонған кезде қысқа тұйықталу болып, бірден жерге құлаған. Қазақстанның заңы бойынша, үкіні аулағандарға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал біз мұндай бағалы құстарды әр шақырымда кездестіріп отырмыз. Әсіресе тоққа түскен үлкен қанатты жыртқыш құстардың өлі денесі көп табылды.

Ғалымдар әсіресе қырандардың өлексесін жиі кездестірген. Бұлай жалғаса берсе, дала бүркітінен де айрылып қалуымыз ғажап емес. Мамандар қанаттыларды сақтап қалу үшін электр бағандарын құстарды қорғайтын және үркітетін ультра дыбысты қондырғылармен жабдықтауды ұсынып отыр. Отандық және ресейлік ғалымдар бірлескен топ арнайы жоспар құру қажеттігін айтады.

Орынбасар Тоқжанов, Маңғыстау облысы табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Ең бастысы, электр тасымалдайтын желілері бар мекемелерге жоспар жасату керек. Бұл жоспар бойынша енді құстарды қорғаудың белгілі бір жылдарға арналған іс-шаралары бекітілуі керек. Ол мекемелердің қаражат көзін қарастыру керек. Әрине бәрін бір жылда жасау мүмкін емес. Экологиялық кодекске сай арнаулы талаптарды орындау үшін өндірістік мекемелерге талап күшейетін болады.

Сондықтан экологтар жауапты мекемелерді мәселені бірігіп шешуге шақырып отыр. Желілер талапқа сай жабдықталмаса, «Қызыл кітапқа» енген құстар сұғанақ аңшылардың торына емес, электр бағандарының тоғына түсіп ажал құша бермек.

 

Балықтардың жаппай қырылуы қорық қызметкерлерін алаңдатуда

Атырау облысында Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағаларының бірінде табан балықтары қырылып қалған. Бүгінде оқиға болған жерде арнайы комиссия жұмыс істеуде.

 Ал балық қорғаушылар мен қорық қызметкерлері су жәндігінің өлекселерін жоюмен айналысуда. Бұл оқиға «Ақжайық» мемлекеттік қорығының қарамағындағы арналардың бірінде тіркеліп отыр. Кеше резерват инспекторлары кезекті рейд кезінде су бетінде қалқып жүрген балықтарды көріп, тиісті орындарға хабарлаған. Бұл арна кезінде кеңшарлардың қажетіне бола қазылғанымен қазір пайдаланылмайды. Дегенмен арна Жайық өзеніне жалғасып жатыр. Қорық қызметкерлері жабылып өлі балықтарды жинауға кіріскен. Себебі Каспий теңізіне тоғыз тарам болып құйылатын Жайық өзенінің тазалығына нұқсан келмеуі тиіс деп отыр мамандар.

Әмірғали Дауылбаев, «Ақ Жайық» мемлекеттік қорығы директорының орынбасары: 
- 30 инспектор, 5 қайық жұмыс жасап, өзекті тазалаудамыз. Алдағы уақытта осындай кішкентай өзектерді қарап шығамыз. Басқа жерде өліп жатқан балық көрінбейді. Арнадан шамамен 2 тоннадай балықтың өлексесі анықталды. Олар – табан мен қарагөз.
Балықтардың жаппай қырылу себебін арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады.

Ирина Аминова, ихтиолог: - Судың, топырақтың сынамасы алынып, зертханаларға жіберілді. Оның қорытындысы аптаның аяғына қарай шығады. Біздің пайымдауымызша, бұл балықтар тар өзекте оттегі жетіспеушілігінен қырылған. Бүгінде облыстағы барлық балық қорғау құрылымдарының алдындағы басты міндет өлген балықтарды жою болып отыр. Аумағы 250 метрлік каналдың тең жарымы тазаланып болды. Кешке дейін осы жұмыс аяқталуы тиіс.

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз:
Мұрағат
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
25 26 27 28 29 30 1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31 1 2 3 4 5