Король Абдулла ұлын Мекке губернаторы етіп тағайындады
Король Абдулла ұлын Мекке губернаторы етіп тағайындады
11 жыл бұрын 3395 kizmet.kz/

Ислам құндылықтары шоғырланған қасиетті Мекке қаласына жаңа губернатор тағайындалды. Ол – Сауд Арабиясы королінің алтыншы ұлы, жас ханзада Мишал бин Абдулла.

Королдіктің іскерлік ортасы мен зиялы қауымы жаңа губернаторға ақжол тілеп, осы уақытқа дейін киелі шаһарды басқарып келген тәжірибелі Халид әл-Файсалдың қаланы көркейтудегі ісін жалғастыруға үндеді. Жас ханзада Мекке губернаторы ретінде алғашқы мәлімдемесін жасап, королге осынау жауапты қызметті сеніп тапсырғаны үшін алғыс айтты. Ол мәлімдемесінде әл-Харам мешіті мен қажыларға қызмет ететініне серт беріп, қаланы одан ары дамытуға күш-жігерін жұмсайтынын білдірді. Меккенің жаңа тағайындалған губернаторы 43 жаста, Ұлыбританияда саясаттану мамандығы бойынша білім алған. Мекке губернаторы болып тағайындалғанға дейін елдің сыртқы істер министрілігінде жұмыс істеген. 2009 жылдан бері стратегиялық маңызы зор, Йеменмен шектесіп жатқан Нажран провинциясында жауапты қызмет атқарды.

Нажран қаласының тарихы тым тереңде жатыр: көне шаһар осыдан мыңдаған жыл бұрын пайда болған. Сауд Арабиясының құрамына 1934 жылы кірген.
Сауд Арабиясының сарапшыларының сөзіне қарағанда, білім беру министрілігіндегі лауазымды қызметке ауысқан Халид әл-Фейсал білім беру саласындағы ультраконсервативтік діни топтарға ықпал ететін болады.

Жас ханзаданың тәжірибесінің аздығы осынау жауапты қызметті алып жүре ала ма? Осыған байланысты Мұсылман жастарының бүкіл әлемдік ассамблеясының өкілі Меккенің жаңа губернаторына жауапкершілік жүгінің ауыр екенін ескерткендей болды. Өйткені, исі мұсылманның қастер тұтар құндылықтары, атап айтқанда, бұл шаһарда әл-Харам мешітімен қатар Мина, Арафат және Муздалиф бар.

0 пікір
Мұрағат