Кореяда халал мейрамханалар анықтамалығы жарық көрді
|
Кәрістердің туристік ұйымы мұсылман туристері үшін халал мейрамханалар анықтамалығын шығарды. Ағылшын тілінде жарық көрген аталмыш анықтамалық «Кореядағы мұсылман мейрамханалары» деп аталады. Онда осы елдегі 118 халал мейрамхана турасындағы ақпараттар қамтылған. Кәрістердің туристік ұйымы бұл анықтамалықты мұсылмандарды көптеп тарту үшін шығарып отыр. Сондай-ақ, бұл анықтамалықта тек халал мейрамханалар жайында ақпарат қамтылып қана қоймай, сонымен қатар, құрамында доңыз еті кездеспейтін, шариғат талаптарына сай әзірленген кәрістердің ұлттық тағамдары турасындағы мағлұматтарды да оқуға болады. Ондағы халал мейрамханалар 5 категорияға бөлінген: кәрістердің мұсылмандар федерациясы сертификаттаған мейрамханалар, мұсылмандардың өздері сертификаттаған мейрамханалар, халал ас мәзірін ұсынатын кәдімгі мейрамханалар, вегетариандық немесе құрамында доңыз еті кездеспейтін ас мәзірін (мәселен, теңіз өнімдерін) ұсынатын кәрістердің ұлттық мейрамханалары. «Халал тағам мұсылмандарды тартудың ең маңызды факторы» деді кәрістердің туристік ұйымының өкілі. Аталмыш ұйымның келтірген мәліметіне қарағанда, өткен жылы Кореяға 624000 мұсылман мейман болып кеткен. Бұл көрсеткіш осы елге келген жалпы туристер санына шаққанда 5,1 пайызды құраған.