Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиятын полицияны маңызды құзыретінен айырды
|
Сауд Арабиясының билігі елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиятын тәртіп сақшыларын маңызды құзыретінен айырды. Ендігі жерде аталмыш полиция өкілдері теріс әрекетке барған тұрғындарды тұтқындап алып кете алмайды. Тек шариғат шеңберінен шықпауға ескерту жасаумен шектеледі. Саудия министрлер кабинеті мақұлдаған жаңа түзетулерге сәйкес өкілеттілігі шектелген діни тәртіп сақшылары күдіктіні тұтқындамайды, есесіне, күдіктінің шариғат талабын бұзғандығын дәлелдей алған жағдайда оны полицияға немесе есірткімен қарсы күрес жөніндегі бөлімге баяндайды. Яғни, жұмсақ қарым-қатынас аясында әрекет етуге міндеттелді. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиятын тәртіп сақшысы деген атқа лайықты болуы үшін ел билігі осындай қадамға барды. Бұл жайында «Al Jazeera» ақпарат көзі хабар таратты. «Аталған тәртіп сақшылары немесе олардың басшылары адамдарды тұтқындап, қуғындамайтын, олардың жеке бас куәлігін талап етпейтін болады – бұл міндетпен полиция немесе есірткімен қарсы күрес жөніндегі бөлімше қызметкерлері айналысады»,- деп айтылған қолданысқа енген жаңа ережеде. Бұрын аталған тәртіп сақшылары ішімдік ішкендерді, есірткі қолданғандарды немесе сиқырлықпен шұғылданғандарды, тағы басқа да шариғат талаптарын бұзғандарды жиі тұтқындайтын болған.