Жаңа вирустардың пайда болу себептері аталды
|
Халықаралық ғалымдар тобы жабайы жануарларды пайдалану пандемияға әсер ететінін атап өтті. Бұл туралы Royal Society Publishing ғылыми журналында жарияланған зерттеуде айтылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мамандар адамдардың жабайы табиғатты жоюының кесірінен жаңа жұқпалы аурулардың пайда болуымен және таралуымен байланыстырды. Вирустар ең алдымен жануарларға шабуыл жасайды, бірақ, олар көбінесе мутацияланып, адам ағзасындағы өмірге бейімделе алады. Жаңа пандемияға әкелетін вирустың пайда болуы аң аулау, тіршілік ету ортасының тозуы және урбанизация нәтижесінде туындаған жануарлар популяциясының мәжбүрлі түрде көшуіне байланысты.
Адамдарға бейімделген жабайы табиғат вирустары туралы 2013 жылға дейін жарияланған мәліметтерді салыстыра отырып, ғалымдар эпидемия көбінесе сүтқоректілер арқылы тарайтынын байқады. Атап айтсақ, үй жануарлары адамдарға жабайы аңдарға қарағанда вирусты сегіз есе көп таратады екен. Жарқанаттар, кеміргіштер мен приматтар зоонозды инфекцияның типтік тасымалдаушысы деп аталды.
Урбанизация мен адамның іс-әрекеті планетадағы жануарлардың алуан түрлілігін төмендеткеніне қарамастан, кейбір түрлер өте көп болды. Ғалымдардың пікірінше, жарқанаттар да оларға жатады, олар адамның мінез-құлқына жақсы бейімделген. "Біз жабайы жануарлармен қауіпсіз өмір сүрудің жолын табуымыз керек, өйткені, олар вирус жұқтыру қаупін тудырады", - дейді Дэйвистегі Калифорния университетінің эпидемиологы Кристина Джонсон.
Наурызда американдық ғалымдар панголиндер SARS-CoV-2 вирусының жарқанаттардан адамға берілуінің аралық қожайыны екенін айтты. Сарапшылар мұндай қорытындыға науқас панголиндердің өкпесінде кездесетін вирустар геномын зерттегеннен кейін келді.