Гиннес рекордтар кітабына енген мешіт (фото)
Гиннес рекордтар кітабына енген мешіт (фото)
9 жыл бұрын 4048

Ресей Федерациясының аумағындағы Норильск қаласында тұрғызылған мешіт солтүстік ендіктің ең түкпірінде орналасқан мешіт ретінде Гиннес рекордтар кітабына енді. Шағындау болғанымен сәулеті өзгеше мешіт, міне, 17 жыл болды, қаланың ажарын ашып, сәнін келтіріп тұр. Норилдік мұсылман жамағаты мұсылмандардың аталмыш құлшылық үйін сонау өткен ғасырдың соңында, дәлірегі, 1993 жылдың аяғына таман сала бастады. Жобасын сызған – сәулетші Евгений Солнышкин. Қатал климатқа байланысты мешіттің сәулеті өзгеше. Дәстүрлі жұмыр күмбезді емес, күмбезі төрт бұрышты болып келеді. Себебі, жұмыр болып келсе, суыққа төзбейді әрі желдің екпініне көп уақыт төтеп бере алмас еді. Норилскіде барлық ғимаратта бағаналар бар: құбылмалы ауа райында, әсіресе, қар еритін жаз мезгілінде іргетасы жылжып кетпесі үшін тіреуіштер қойылған. Сәл тереңдіктен кейін мәңгі тоң бар, ол 300-500 метр тереңдікке дейін қабатты алып жатыр. Бұл өлкеде жылу беру маусымы 302 күнге созылады, ал шамамен 280 тәулік бойы сақылдаған сары аяз болып тұрады. Сондай-ақ, 130-дан аса тәулікте бұрқасын мен бораннан көз ашпайды. Жергілікті халқын ненец, энц, нганасан, долган секілді ат төбеліндей аз байырғы халықтан бөлек әзірбайжан, орыс, татар секілді кірме халықтар құрайды. Бұл мешіт Митхад Бикмеев есімді жергілікті  кәсіпкердің қаржысына тұрғызылды. Тегі татар кәсіпкер мешітті әке-шешесінің құрметіне «Нұрқамал» деп атады. Әкесі Нұриддин және анасы Ғайникамал есімдерінің біріккен, ықшамдалған нұсқасы.  Мешітті салу бастамасын  Юрий Бариев есімді ақын көтергенімен оның ашылуын көру пешенесіне жазылмапты. Мешіт салынып біткенше дүние салған. Мешіттің салынуына бес жыл кетті. Салтанатты ашылу шарасы 1998 жылдың қыркүйек айының 19-ы күні болды.

1 пікір
Мұрағат