Ғалымдар ВИЧ-тің пайда болған жері мен уақытын анықтады
Ғалымдар ВИЧ-тің пайда болған жері мен уақытын анықтады
10 жыл бұрын 4967
Оксфорд университетінің Нуно Фариа (Nuno R. Faria) жетекшілік еткен ғалымдар тобы 1959 жылы Конго демократиялық республикасының астанасы – Киншаса қаласында алынған қан құрамынан табылған адамның иммундық тапшылығын тудыратын вирусты тексере келіп, осындай қорытындыға келген. Вирустың осы түріне және өзге де түрлеріне филогеографиялық талдау жүргізіп, вирустың 1920 жылдары Киншаса қаласында пайда болғанын анықтады. Осы арадан ВИЧ бүкіл әлемге таралған. Иммун тапшылығын тудыратын вирус адам бойынан 1983 жылы байқалғанымен оның пайда болуы уақыты арыда жатқанын ғалымдар осылай білді. Зерттеуге қатысқан канадалық Шербрук университетінің профессоры Жак Пепиннің (Jacques Pepin) айтуынша, вирустың пайда болу тарихы мен мерзімінің анықталуы қазіргі қалыптасқан ахуалға оң өгеріс әкеле алмайды немесе ВИЧ-инфекцияның одан ары таралуына тосқауыл қоя алмайды. Десе де, біз үшін әлемнің 70 млн адамы (олардың жартысы қайтыс болып кеткен) ВИЧ-инфекцияны қалай жұқтырғанын білу әлдеқайда маңызды. Киншаса қаласында алынған қан құрамына жүргізілген филогеографиялық сараптама мен оны өзге елдерден (Камерун, Габон) алынған вирустармен салыстыру ғалымдарға аса маңызды тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Ғалымдардың топшылауынша, ВИЧ адамға маймылдан вирустың жұғуынан пайда болған. Камерунның оңтүстік шығысын мекендейтін шимпанзенің бойынан табылатын аталмыш вирус ең алдымен М тобындағы ВИЧ-ке жақын болып келеді – инфекция жұқтырғандардың 90 пайызына осы вирус себепкер екені белгілі болды. 1920 жылы вирус бельгиялық Конгоның астанасы – Леопольдвиль (бүгінгі Киншаса) қаласына, ал одан ары 17 жыл өткеннен кейін Конго республикасының астанасы Браззавиль шаһарына (сол кездегі француздардың Экваторлық Африкасының орталық қаласы) жетті. 1940-шы жылдардың бас кезінде вирус Конгоның Лубумбаши және Мбужи-Майи қалаларына таралды. Вирустың негізгінен өзендер, яғни, су жолдарымен (кеме, қайық) мен теміржол арқылы таралды.  ВИЧ-инфекцияның 1960-шы жылдары кеңінен таралуына аймақтағы жезөкшеліктің етек алуы себеп болды. Мына кереғарлыққа да назар аудармауға болмайды: билік адамдарды түрлі инфекциялар мен қатерлі әрі жұқпалы аурулардан қорғау үшін екпе ектіргенде вирустың таралу аумағы кеңейген. Бұған шприцтің залалсыздандырылмауы себеп болған екен.
2 пікір
  • Құрметті, сайт жетекшілері. Сіздерге осы тектес ғылыми-танымдық мақалалардың жазылуына байланысты алғыс білдіремін. Бірақ кейбір мақаларды оқи отырып, қарапайым қателіктердің бой алатынын көзіміз шалып қалады. Мысалы, осы мақаланы қарастырар болсақ, бірнеше жерде Киншаса қаласы Киншас деп жасылған, Габон мемлекеті Набон... Және де 1940-шы жыл негізінен 1940-жыл ("-" өзі -шы,ші, -ыншы, інші дегенді алмастырады емес пе?) болып жазылуы тиіс (бұл тек сіздерде ғана емес, көптеген ақпарат көздерінде кездесетін қателік). Сынға айып етпеңіздер, тек мақалалар сапалы, жоғары деңгейде болса екен деп тілейміз.
    10 жыл бұрын
  • Пайдалы, ғылыми мақала. Бірақ, сауаттылыққа көңіл бөлсеңіздер екен.
    10 жыл бұрын
Мұрағат