Жалғыз тамақтану іштегі майдың жиналуына апарады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Ғалымдар неге жалғыз тамақ ішуге болмайтынын айтты
|
Оңтүстік Корея ғалымдары жалғыз тамақтану іштегі майдың жиналуына әкеп соғатын метаболизм синдромының пайда болу қатерін жоғарылататынын анықтады. Мамандардың зерттеуі Obesity Research & Clinical Practice журналының сайтында жарияланған.
Мамандар 7752 адам арасында сауалнама жүргізіп, респонденттердің қаншалықты жиі жалғыз тамақтанатынын есептеді. Олар клиникалық статистикаға сүйене отырып, жалғыз тамақ ішетіндерде метаболизм синдромы жиі байқалғанын анықтаған.
Күніне кем дегенде екі рет жалғыз тамақтанатын ер адамдарда синдромның пайда болу қатері бірнеше адаммен тамақтанатындарға қарағанда 64%-ға жоғары болды. Ал әйелдерде бұл көрсеткіш 29%-ды құрады. Бұған қоса, ер адамдарда семіздік қатері 45%-ға ұлғайған.
«Мұның барлығы жалғыз тамақтану метаболизм синдромының пайда болуына әсер ететін фактор болуы мүмкін екенін көрсетеді», - делінген мақалада.