Еуропалық елде исламофобиямен күрестің жүйелі әдісі әзірленуі мүмкін
|
Еуропа кеңесіне қарасты нәсілшілдік пен төзімсіздікке қарсы еуропалық комиссия кәрі құрлық бойынша исламофобиялық жат құбылыс бет қаратпай өршіп тұрған Дания билігіне таяу уақытта мұсылмандар мен өзге де азшылық өкілдерін кемсітушілікпен күресудіңң нақты әрі ұлттық деңгейдегі жоспарын әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Бұл жайында islam.kz порталы islam.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш комиссия талабы бойынша мұндай жоспарда білім беру, қоғамды құлақтандыру (ақпараттандыру), агрессиялық әрекетке тойтарыс беруді көтермелеу, құқық қорғау органдары қызметкерлерін және мұғалімдерді курстен өткізу, т.б. шаралар қамтылуы тиіс. Сондай-ақ, мұсылмандар мен өзге де азшылық өкілдерін белгілі бір мамандықтар бойынша жұмысқа алу талабы да қарастырылған. Комиссия даниялық саясаткерлердің мұсылмандарға қатысты өшпенділікке толы мәлімдемелеріне алаңдаушылық білдіріп, осындай талаптар қойып отыр. Олар дәйекті түрде мұсылмандарды, сондай-ақ, ел аумағындағы заңды шетелдік жұмысшылар мен мигранттарды «Дат құндылықтары мен мәдениетіне қауіп» ретінде көрсетеді», - делінген хабарламада. Бұдан бөлек, Еурокомиссия еңбек мигранттарын нәсіліне қарай алалауға да наразылық білдіріп отыр, дәлірегі, ЕО құрамындағы елдер мен АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Канада және Ұлыбритания азаматтарын «батыстық» деп іш тартып, батыс емес елдерден келгендерді кеудеден итеруге пара-пар әрекеттерін сынға алып отыр. Осы орайда мамыр айының ортасында даниялық әсіре оңшыл «Қатты мәміле» партиясының жетекшісі Расмус Палуданның Швецияда полицияның қорғауында тұрып, Құран данасын өртегенін айта кетпекпіз. Бұған дейін саясаткер қасиетті кітапты жағу шараларын елдің мұсылмандар көп шоғырланған Фролунд, Борас және Троллхаттен аймақтарында ұйымдастырған болатын.