Ерекше ғибадатхана бой көтеріп келеді (видео)
|
Италияның солтүстігінде ерекше ғибадатхана бой көтеріп келеді. Құрылысшылар Адда өзенінің жағасына бөрене тұғырлар орнатып жатыр. Бұл – ғибадатхананың уақытша ағаш дуалы. Тіреуіш ретінде 108 емен отырғызылады. Кейін ағаш дуалды қиратқан кезде қаз-қатар бой көтерген емендер 18 метрге дейін өсіп, ғибадатхана қабырғасын қалайды. Дегенмен, нысанның өсіп-жетілуі үшін 20 жыл керек екен. Мұндай ерекше идеяның авторы – архитектор Джулиано Маури. 2009 жылы қайтыс болған архитектордың тың жобасын енді оның ұрпағы жүзеге асыруда. Франческа Регорда, архитектор Джулиано Мауридің немересі: - Атамыз үнемі «мен ештеңе ойлап таппадым, маған табиғат не берді - соған риза болдым» деп айтушы еді. Бұл оның қоршаған ортаға деген құрметі еді. Мұндай нысандар мәңгі жасайды емес пе?! Колонналардың орнына ағаштар өсіп шыққан кезде құрылыс жайында естеліктер мәңгі сақталады. Бұл – архитектордың жобасымен Адда өзенінің жағасында бой көтерген жалғыз ғибадатхана емес. Осы сынды нысандар Бергамо мен Вальсуганеде де бар. Онда 15 жылдан бері өсіп келе жатқан ғибадатхана жыл санап, туристерді қызықтыра түсуде.