Елімізде ұлттық киім күні енгізілуі мүмкін
|
Елімізде ұлттық киім күні енгізілуі мүмкін. Бұл жайында ұлт мәдениетінің жанашыры, жазушы Арман Нұрмұханбетов Tengrinews.kz ақпарат көзінің тілшісіне хабарлаған екен. Қазақтың ұлттық киімдері тек Ұлыстың ұлы күні мерекесінде және үйлену тойларында ғана киіледі. Қалған уақытта ұмыт қалады. Аты аталған қадірменді қаламгер өзінің пікірлестерімен әлеуметтік желілерде парақшасын ашқан. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттау мақсатында. Жазушы ұлттық киімді осы заманғы киім үлгілеріне лайықтап тігуді ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде елдегі туризм саласы мен отандық жеңіл өнеркәсіптің өркендеуіне де септігін тигізер еді. Алайда, аталмыш идея авторлары қай күнді ұлттық киім күні деп белгілеу керектігін әлі ойластырған жоқ. Олар мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз үстінен тастамай киген ұлттық киімді ең құрығанда бір күні киіп жүрсек, осының өзі ұлтымызды таныту бағытында жасалынатын үлкен қадам боларына сенімді. Олар қай күнді белгілеу керектігін халықтың өзіне қалдырып отыр.