Елбасының қанатты сөздері корей тіліне аударылды
|
Өткен аптада мемлекеттік және жергілікті басқару саласының маманы, шығыстанушы, аудармашы Дастан Ақаш корей тіліне аударған Елбасының «Қанатты сөздері» «Ханин ильбо» деп аталатын корей газетінде жарық көрді. Қазақ баспасөз беттерінде жиі айтылып жүрген Елбасының сөздері тұңғыш рет шығыс тіліне аударылып отыр. Аталған қанатты сөздер мен дипломат, ғалым, бизнесмен және зерттеуші жастар танысуда. Шын мәнінде, Президенттің сөздері жай айтылған сөз емес. Ол мемлекет және қоғам үшін айтылған. Сондықтан онымен шетелдіктердің танысып-оқуы тиіс. Сол арқылы ұлттар достығы арта түседі. Мәдени байланыстар дамиды және келешекте қазақ елінің бүгінгі тарихы мен экономикасының дамуы туралы көлемді еңбек жазатын зерттеушілер Назарбаев нақыл сөздеріне мән беріп, оны ғылыми еңбектеріне арқау етуі әбден мүмкін. Өйткені «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген әлемдік деңгейдегі саясаткердің ойлары барлық оқырманның қызығушылығын оятады. Елбасының «Адам атымен емес, ісімен мәңгілік» деген сөзі мемлекеттің мұратын байқатса, «Бизнес қуатты болса, мемлекет те қуатты болады» деген сөздер бизнесті жолға қойған корейлерге қатты ұнары анық. Дастан Ақаштың аударып бастаған Елбасы ойлары ары қарай жалғасын таба береді деген ойдамыз.
Ақпарат көзі: Aikyn.kz