Ел ішіндегі маңызды жаңалықтар: Қазақстанда прокурорлар бизнесті мүлдем тексермейтін болады
|
Бұл туралы кеше «Атамекен» ҰКП-ның IV съезі барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тексеру нәтижесіне сәйкес, бақылау-қадағалау қызметі қысқару үстінде. Жеті жылдың ішінде тексерулер 5 есеге азайды. Прокуратура туралы жаңа заңға сәйкес, бизнесті тексеруден мүлдем бас тартпақпыз. Олар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ерекше жағдайлар болғанда ғана жүргізіледі», — деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, соңғы 18 жыл бойы тексерулерді прокуратура органдары тіркеп келеді. Қазіргі уақытта тіркеу тәуекелдерді бағдарлауға арналған ІТ жүйеге көшірілуде.
«Қамқор» деп аталатын мобильді қосымшаны іске қостық. Кәсіпкердің ұялы телефонына барлық мәліметтермен бірге тексеру туралы СМС хаттама келіп түседі. Барлығына қолжетімді тексеру картасы бар. Онда кімнің көп бұзушылыққа барғаны көрсетіліп тұрады», — деді Ахметжанов.
Бұған дейін Марат Ахметжанов Қазақстанда экономикалық қылмыстарды қозғау тәсілдері өзгергенін айтқан.
Қазақтар жаппай газбен жүретін көліктерге ауысып жатыр
Қазақстандық автокөлік иелері жанармай бағасының күрт қымбаттауына байланысты газбен жүретін көліктерге ауысып жатыр, деп жазады finprom.kz сараптама қызметі.
2016 жылы АИ-92 маркалы бензин бағасы орта есеппен 13% (15 теңгеге) қымбаттады.
Сонымен қатар өткен жылы төмендетілген бутан және пропан газының бағасы 43% көтерілген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы осындай 457,8 мың тонна отын сатылып. Ондағы қаржы айналымы екі есеге дейін ұлғайып, 28,9 млрд теңгеге жеткен.
Газ отынының бағасының күрт қымбаттауы 2015 жылы Үкіметтің бензин маркалары мен дизель отыны бағасын бақылауда ұстаудан бас тартқанынан кейін байқалды.
Бұл өз кезегінде 2015 жылы газ сатылымы көлемін 156,6 тоннадан 319,3 тоннаға дейін артуына түрткі болды.
Мотор бензинінің саудасы өткен жылы 5% азайып, көтерме саудадағы көлемі 3,6 млн тоннаға түсті. Алайда, ондағы қаржы айналымы көлемі 9% көбейіп, 515,1 млрд теңгеге жуықтады.
Соның ішінде АИ-92 маркалы бензин сату көрсеткіші 1% азайып, 41,4 мың тоннаға жуықтады. Ал АИ-80 маркасыy сатып алу көрсеткіші 15% төмендеп, 104,7 мың тоннаны құрады.