Екі елдің әрекеті инвесторлардың үрейін ұшырып отыр
Екі елдің әрекеті инвесторлардың үрейін ұшырып отыр
8 жыл бұрын 4016 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Оңтүстік Кореяның Chosun ақпарат агенттігі инвесторлардың геосаяси жағдайдың нашарлауына байланысты үрейге бой алдырғанын жеткізді. Аталған ақпарат көзінің дерегіне қарағанда, Қытай билігі Солтүстік Кореямен арадағы шекара маңына 150 мың әскерін шоғырландырған. АҚШ-тың Солтүстік Корея жағалауына "Карл Винсон" авианосеці бастаған әскери-теңіз флотын бағыттағанына жауап ретінде. Екі алып елдің бұл әрекетіне байланысты инвесторлар үрейге бой алдырып отыр: VIX индекс 15,33 пунктке дейін секірген, десе де АҚШ-тағы сайлау қарсаңында, дәлірегі, өткен жылдың қараша айының 4-і күні тіркелген, шыңына шыққан 23,01 деңгейге жете қойған жоқ. Сонымен қатар, Dow Jones индексі күрт құлдыраған. Мұның бәрі жаһандық геосаяси ахуалдың қаншалықты нашарлағанын көрсетеді. Бұған қоса, АҚШ пен Қытайдың "сауда соғысы" қатерінің артып келе жатқанын екі елдің сауда кедергілеріне қатысты мәселені шешуге ұмтылмауынан да байқауға болады. Айта кетейік, өткен аптада АҚШ пен Қытай басшылары, яғни, Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Флоридада кездескен болатын. Осы кездесуде Ақ үй қожайыны Қытай басшысын Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына тосқауыл жасауға шақырған болатын. Егер Қытай билігі Солтүстік Кореяны райынан қайтаруға талаптанбаса, бұған АҚШ-тың өзі араласатынын ескерткен де еді. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын тоқтатуға қатысты әскери, саяси, экономикалық қатаң шара қолданатынын мәлімдеді. 

0 пікір
Мұрағат