Біз кесте шеберлерінің көрмесі өтті (фото)
|
BAQ.KZ ақпарат көзінің хабарлауынша, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Қазақстан суретшілер одағының мүшелері, біз кесте өнерінің шеберлері Айнұр мен Гүлназым Өмірзақтардың «Дала аруы» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Көрме Музейдің «Үкілі үміт» атты шығармашыл жастарды қолдауға арналған жобасы аясындаұйымдастырылды.
Олар – Қазақстанда тұңғыш рет біз кесте өнерінен диплом қорғаған қос қарлығаш. Олар – ең алғаш рет біз кестені қазіргі заманға сай етіп картинаға панно ретінде түсірген шеберлер. Олардың алғашқы ұстазы біз кесте өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар белгілі қолөнер шебері, аяулы ана Калемхан Рахметбайқызы. Ең алғаш аналарының біз кесте тігіп отырғанын қатты қызықтап жүретін кішкентай қыздың екеуі де есейе келе осы өнердің соңына түсті. Ұмыт болған ұлттық өнерді үлкен шығармашылық деңгейде дамытып, Қазақстанға ғана емес әлемге танылып жүрген қыздары туралы анасы Калемхан Рахметбайқызы былай деді:
«Біз отбасымызбен сурет өнері саласында жұмыс жасаймыз десем де болады. Жолдасым Рыстан Өмірзақ Германияның сурет академиясын бітірген бейнелеу өнерінің шебері. Бұрынырақта отбасылық көрме ашатынбыз. Қыздарыма әкесінің қанынан дарыған болу керек. Екі қызым да үш жастарынан бастап майлы бояумен сурет салды. Жоғары оқу орнын да осы сала бойынша оқып бітірді. Мен біз кесте тіккенде бұлар қарап отыратын, кейін екеуі академиялық тұрғыда білім алып біз кестеден ең алғаш рет диплом қорғады. Бүгінгі көрмелері «Дала аруы» деп аталғандықтан қыздарым тек қана біз кестемен жасалған туындыларын алып келіп отыр. Негізінде бұлар батик те, майлы бояу да салады».
Дубайда өткен 75 елдің бүркітшілерінің тойына Қазақстанның атынан қатысып, «Бүркітші» атты туындысымен 2-орынды жеңіп алған Калемхан Рахметбайқызының айтуынша, бізкесте – ұмытылып бара жатқан өнер. Бұл өнер сонау халқымыздың көшпенді өмір сүрген кезінде барлыққа келген. Ол кезде киіз үйді тек қана қара киізбен ғана жауып қоймай, оны сәндеу керек болды. Сөйтіп ең алдымен біз кестені киізге түсірген. Кейін келе оны маталарға неше түрлі жіптерді пайдаланып бізбен кестелейтін болған. Осылайша біз кесте дами келе отбасын әшекейлеуден өзге, ұзатылатын қыздардың жасауында кем болса болмайтын сәндік қолөнерге айналған. «Шындап келгенде бұнымен көп ешкім айналыспайды. Көбінесе Қытай, Моңғолия секілді шетте тұратын қандастарымыздың арасында жақсы сақталуда. Шетелдегі қазақтарда қазірге дейін сақталып қалуының бір себебі, олар бергі замандарға дейін көшпенді тұрмыспен өмір кешті. Ал Қазақстанда оған деген қажеттілік болмаған соң бұл өнердің түрі де ұмыт қалды. Біз көбінесе абстракция дегенді Еуропадан келді дейміз. Ол еш жерден келмеген дер едім. Оны біздің әжелеріміз жасап кеткен. Түскиіздерді, сырмақтарды, құрақ көрпелерді қараңызшы, тұнып тұрған абстракция ғой»,-дейді ол.
Бұл күнде шәкірт тәрбиелеумен айналысатын өнерлі қыздар өткен жылы Германияның Люксембург қаласында ашқан көрмелері әлі күнге еуропалықтардың назарына ұсынылуда. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Бейнелеу өнері кафедрасында ұстаздық жұмыспен айналысатын Айнұрдың айтуынша бұл өнер аса қажырлылықты қажет етеді екен. «Қазір ешкім үйіне кілем ілмейді. Сол үшін сіңлім екеуіміз біз кестені қазіргі заманға сай етіп картинаға панно ретінде түсірдік. Біздің қолданатынымыз да сол техника, сол жіптер. Бірақ біз осыларды пайдаланып тың туындыларды дүниеге әкелдік. Бір туындынының дайын болуына шамамен бір ай уақыт кетеді. Ең алдымен қағаз бетіне сурет түрінде түсіріп алып, сосын матаға саламыз. Салынған суретті біз арқылы әртүрлі жіптермен кестелейміз»,-дейді ол.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Гүлназым бұл күнде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында шәкірт тәрбиелейді. Мамыр айында өзінің тәрбиелеген тұңғыш шәкіртін ертіп Германияда өтетін халықаралық суретшілер фестиваліне қатысуды жоспарлап отырған Гүлназымның қайырымдылық шараларын өткізу ойы да бар екен. «Балалар үйінде де талай талантты балалар бар. Біз кестені соларға да барып үйретіп, талант көзін ашсам деген ой бар менде. Әншілермен бірге кеш ұйымдастырып, көрме де өткізіп сол балалардың арасындағы ең мықтылары жасаған туындыны аукционға шығарсақ, сол арқылы оларға көмек қолымды созсам деген ниеттемін»,-дейді Г.Өмірзақ.
Айта кетейік, әпкелі-сіңлілі Айнұр мен Гүлназым Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындаөмір есігін ашқан. 1992 жылы ең алғашқы көштің легімен Алматы қаласына қоныс аударған өнерлі отбасы бұл күнде сурет салу және біз кесте өнерінің биігінен осылайша көрініп жүр.
Майгүл СҰЛТАН
Суретті түсірген: Ғабит МАДАЛИЕВ
Қазақтың киіз үйінің ЮНЕСКО тізіміне енгізілуін атап өтпек
«Алматы қолөнер палатасы» ҚҚ мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюросы қазақтың киіз үйінің ЮНЕСКО тізіміне енгізілуін атап өтеді.
Алматы қаласындағы Жібек Жолы даңғылына (Арбатқа) келген жұрт ұлттық ойындарды ойнайды, салт-дәстүрді тамашалайды, ұлттық тағамнан дәм татады, жәрмеңкеге қойылған сан түрлі бұйымдарды сатып ала алады әрі концерттік бағдарламаның көрермені атана алады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде материалдық емес мәдени мұраларды қорғау Комитетінің ұйғаруымен киіз үй «Отбасы мен дәстүрлі қонақжайлылықтың нышаны» болып бекітілді. Сонымен қатар киіз үйді «қазақ пен қырғыз халқының өзіндік ерекшелігінің айнамыс бөлшегі» екенін де мойындады. Нәтижесінде «Қазақ пен қырғыз киіз үйлерін жасаудың дәстүрлі білімі мен әдіс-амалдары» деген екі ұлтқа ортақ номинация адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енді.