Биыл төрт голливудтық фильм қазақша сөйлейді
Биыл төрт голливудтық фильм қазақша сөйлейді
9 жыл бұрын 3419

2016 жылы төрт голливудтық фильмді қазақ тіліне дубляждау көзделіп отыр. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында «Болашақ» корпоративтік қоры директорының орынбасары Айжан Әбдірахманова айтты.

«Биыл біз төрт фильмді қазақ тіліне аударамыз, олар: «Книга джунглей», «Алиса в Зазеркалье», «Моана», «Звёздные войны: Изгой», – дейді Айжан Әбдірахманова.

«Книга джунглей» – қазақ тіліне биылғы жылы дубляждалатын алғашқы фильм. Қазіргі уақытта кинодағы кейіпкерлерді дыбыстайтын актерлер анықталып жатыр. Фильмді дубляждау наурыз айына қарай басталады.

«Әзірге, фильмнің режиссері мен актерлер құрамын айта алмаймыз. Өйткені бас кейіпкерлерді дыбыстайтын актерлер мен режиссерді Disney компаниясы бекітеді. Осыдан кейін ғана біз фильмді дубляждауға кірісеміз. Жалпы, бізде Disney студиясында екі ай тағылымдамадан өткен режиссерлер тізімі бар. Әрбір фильмді аудару жұмысын бастамас бұрын, компания лайықты режиссерді анықтайды», - деп әңгімеледі «Болашақ» корпоративтік қоры директорының орынбасары.

Маугли туралы америкалық көркем фильм (компьютерлік анимацияның элементтері қосылған) Астана қаласындағы «Aray Media Group» production студиясында дубляждалады.

Редьярд Киплингтің шығармасына негізделіп түсірілген кинотуындының әлемдік премьерасы осы жылдың сәуір айына жоспарланған.

Айта кетейік, «Болашақ» қауымдастығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жастар-Отанға!» жобасының аясында 2011 жылдан бері голливудтық кинотуындылар мен анимациялық фильмдерді дубляждауды қолға алып отыр.

Тұңғыш рет қазақ тіліне дыбысталған фильмдердің қатарында «Көліктер-2», «Батыл жүрек», «Монстрлар университеті», «Галактика сақшылары», «Күлбике», «Кек алушылар: Альтрон дәуірі», «007: Спектр» және тағы басқа әлемдік киносүйер қауым жоғары баға берген туындылар бар.

Тұтастай алғанда, осы жобаның арқасында қазақ тілі Columbia Pictures кинокомпаниясы әзірлеген фильмдерді дубляждауда жетінші әлемдік тіл болып бекітілсе, атақты Walt Disney студиясында жасалған кинотуындыларды аудару бойынша 7 мың тілдің ішінде 39-орынға жайғасты.

0 пікір
Мұрағат