Биыл ислам әлемінде ашылатын айрықша сәулет жобалары (фото)
|
Биыл, яғни, 2023 жылы ислам әлемінің сәулет өнерін байытатын ауқымды жобалардың бірталайы ашылады. Бұл жайында islam.kz порталы islamosfera ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Ciel Tower (Дубай, БІріккен Араб Әмірлігі), Дерек көзі: The First Group
Таяу Шығыста әлемнің әр түкпірінен туристер көптеп баратын Дубай қаласында Ciel Tower мұнарасы әлемдегі жеке тұрған ең биік мейманхана болады. Биіктігі 365 метрге жететін ерекше ғимарат осы шаһардағы шейх Зайед көшесінде тұрғызылған Gevora қонақ үйінен 9 метр биік болып, рекорд жаңартады. Қонақ үйде 1000-нан астам нөмір, соның ішінде 150 люкс-нөмір, сонымен қатар, бассейні бар шатырлы террассалар, сәнді спа және фитнес-клуб сияқты премиум-тұрмыстық жабдықтар болады. Мегажоба бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр, оны ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарлануда, ал ашылуының өзі келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өтеді.
Atlantis The Royal (Дубай, БАӘ), Дерек көзі: Time Out Dubai
Қаңтар айында Дубайда тағы бір көрікті ғимарат ашылды - Палм-Жумейрадағы Atlantis The Royal қонақ үйі әлемдегі ең қымбат мейманханалардың бірі. Онда бір түнеудің құны 100 мың долларға дейін жетеді. Осыған орай ауқымды тұсаукесер ұйымдастырылып, оған әр елден танымал тұлғалар шақырылды.
Үлкен Мысыр мұражайы, дерек көзі: alkhaleej.ae
Гиза мұражайы деп те аталатын Үлкен Мысыр мұражайының ашылуын бүкіл әлем тағатсыздана күтіп отыр десе де болады. Ол 2021 жылы ашылуы керек еді, алайда, пандемияға байланысты кейінге шегерілген болатын. Көне Мысыр мәдениетінен сыр шертетін, көптеген мыңдаған жылдық тарихы бар ежелгі Мысыр жәдігерлерін жұртшылық назарына ұсынатын әлемдегі ең үлкен археологиялық мұражай болмақ. Бұдан бөлек, мұнда сіз аңызға айналған Тутанхамонның (перғауын) толық коллекциясын көре аласыз. Дублиндік Heneghan Peng Architects жобалаған үшбұрышты ғимарат пирамида үлгісінде салынады. Онда көрме залдары, балалар мұражайы және мүсін бақшасы сияқты ашық кеңістіктер болады. Мұражай биылғы жылдың соңында, ресми ашылу қарсаңында, дәлірегі, қараша айында адамдарды қабылдай бастады.
Iconic Tower (Каир, Мысыр), Дерек көзі: kone.com
Африка құрлығындағы ең зәулім ғимарат ретінде танылған Iconic Tower құрылысы табаны күректей бес жылға созылды. Биіктігі 385 метр болатын ғимараттың құрылысы биыл аяқталады. Iconic Tower орталық бизнес ауданында салынып жатқан 20 мұнараның флагманы атанады. Биыл ашылатын Merdeka 118 әлемдегі биіктігі жағынан екінші зәулім ғимарат болмақ. Ғимараттың биіктігі - 678,9 метр, биіктігі бойынша әлем бойынша рекорд орнатқан Дубайдағы Бурдж Халифадан 150 метрге төмен. Ғимарат 1957 жылы Малайзия тәуелсіздігі жарияланған Куала-Лумпурдағы тарихи маңызды жерде салынған. Оның атауының өзі «Тәуелсіздік» деп аударылады. 118 қабатты ғимаратта кеңселер мен екі деңгейлі бақылау палубасы бар қонақ үй және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең биік мейрамхана орналасады.