Балабақшаны вегандық диетаға көшіріп жатыр
Балабақшаны вегандық диетаға көшіріп жатыр
5 жыл бұрын 2814 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Өздеріңіз білесіздер, соңғы уақытта ғалымдар әлем қауымдастығын шығыны көп әрі қоршаған ортаға тигізер зияны шаш-етектен етті тұтынудан бас тартуға үндеп жүр. Осыған байланысты Англиядағы Честернде бүлдіршіндерді қарайтын аса ірі мекемелер желісін құрған Клэр Тейлор планетаның әрі балалардың болашағы үшін өзіне қарасты балабақшалардағы ас мәзірінен еттен дайындалатын немесе ет қосылатын тағамдарды алып тастады. Яғни, Клэр Тейлор өзіне бағынышты Jigsaw Day балабақшаларын вегандық диетаға көшірді. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап, оның балабақша мекемелері 4 жасқа дейінгі балаларға ет пен сүт өнімдерін ұсынбайтын болады. Оның орнына картоп пен ас бұршақ секілді өнімдерден әзірленген тағамдарды ұсынады. Клэр Тейлор мұндай шешімге келмес бұрын тәжірибелі әрі білікті диетологтармен кеңескенін алға тартқанымен ата-аналардың кейбірі оның бұл қадамын құптамай отыр. Олардың айтуынша, ол өзінің өмір сүру салтын балаларға да таңғысы келеді. Десе де Вегандар қоғамдастығының баспасөз қызметі Jigsaw Day балабақшалар желісінің аталған шешіміне қолдау білдіретіндерін мәлім етті. Бұдан бөлек, британиялық диета қауымдастығы да вегандық диетаның барлық жастағы адамға пайдалы екенін алға тартып отыр.

0 пікір
Мұрағат