Алматыда садақ атудан дәстүрлі сайыс өтті (Фото)
Алматыда садақ атудан дәстүрлі сайыс өтті (Фото)
5 жыл бұрын 5282

Ұлттық ойындарды жандандыру арқылы қазақы дәстүрді дәріптеп, дамытуды мұрат тұтқан бір топ азаматтың ұйытқы болуымен Алматыда садақ ату өнерінен турнир болып өтті. Біріншілік осымен үшінші мәрте ұйымдастырылды. Шараның басы-қасында жүрген мүдделес азаматтар "Дешті-Қыпшақ" федерациясының аясында бас қосқан.

Қоғамдық ұйымның дүниеге келу тарихы, жалпы осы бастаманы қолға алу ісі жөнінде "Дешті-Қыпшақ" федерациясының директоры Бақтияр Тұрысбеков былай деп баян етті:

"Қазақтың әр баласы сияқты біз де кішкентай кезімізден "садақ" жасап, оны атып ойнап өстік. Бірақ есейіп, ер жеткен соң бір-бір мамандықтың, кәсіптің соңынан қуып, өмір ағысымен кете бардық. Десе де садақ атуға деген іңкәрлік тумысымыздан болғаннан кейін бе жүрек түбінде бұйығып жатыпты. Содан түрлі жұмыстармен шетелде болғанымызда сол жақтағы садақ атушылармен таныстық. Әсіресе Қырғызстан, Түркияда садақ ату дәстүрі жақсы жолға қойылғанын көрдік. Көрдік те бұл өнердің елімізде кенжелеп қалғанына қарнымыз ашты. Содан "бізде де неге дамытпасқа, неге соны қолға алмасқа" деген ой туып, садақ атумен әуестенетін жігіттердің басы жиылып, федерация құрылды. Федерация құрғандағы мақсат – дәстүрімізді шашыраңқы шаралармен емес, жүйелі жұмыстармен дамыту. Осылайша ұлт намысы үшін жұдырықтай жұмылып, осы жарысқа дейін жетіп отырған жайымыз бар. Бұл әлі бастамасы. Келешекке түзген талай-талай ойымыз бар. Лайым, солар жүзеге асқай" дейді федерация директоры. 

Мұнан соң жарысқа арнайы келген Алмас Сүлейменов атты садақ жасаушы шебермен танысып, аз-кем дидарласудың сәті түсті. Ол қолынан садақ пен жебеден бастап, қорамсап, қылыш, кісенге дейінгі саймандар шыққан, бір сөзбен айтқанда қазақтың бес қаруының нақ шебері екен. Ұста қару-жараққа бала күнінен жақын болыпты.

"Қаруға деген қызығушылық сонау бала кезден басталды. "Садақ" та аттық, "семсерлестік" те. Кейін балалық арман алға жетелеп, қаруға біртабан жақын жүрейін деп ішкі істер министрлігінде біраз жыл еңбек еттім. Бірде "National geographic" арнасынан моңғолдардың садақ жасап отырғанын көріп қалғанмын. Содан бастап садақ жасау ойы басымнан шықпай қойды. Сол идеямен 18 жыл "ауырыппын" (күлді). Артынан бизнеске кетіп, бос уақытымда жанымның қалауы – садақ жасаумен шұғылдана бастадым. Міне, бірнеше жылдан бері осымен айналысып келем" дейді ол.

Шебердің айтуынан, бір садақты, садақ болғанда да кезінде ата-бабамыз қолданған кәдігі жауынгерлік садақты әзірлеуге кемі бір жыл кететінін білдік. Алдымен қайың, қарағай, тұт ағаштарынан "каркас" жиналады екен. Ішінен таутекенің мүйізі жабыстырылып, сыртына сіңір тартылады. Бөлшектерді жабыстыруға балықтан жасалған желім пайдаланылады. Тек органикалық заттар қолданылатын садақты жасауға қандай шеберлік пен шыдам, еңбек пен ыждаһаттылық қажет десеңізші. Шебер бұл іске кіріспестен бұрын, біршама ізденгенін айтады.

"Садақ жасаудың әдіс-тәсілдерін 6 жыл зерттедім. Интернеттен көбіне түркиялық, ресейлік дереккөздерді пайдаландым. Бұл жөнінде кітап мүлде жоқ десе де болады. Айболат Көшкімбаев, Қалиолла Ахметжан секілді ғалым ағаларымыздың зерттеу еңбектері бар. Ал дәл садақ туралы тек бір-екі жыл бұрын ғана өзіміздің отандасымыз Данияр Байдаралиннің кітабы шықты. Айтпақшы ол осы жарыста жүр" дегенді естіген бойда кітап авторымен сөйлесуге асықтық. 

Осы бір істе жүргендермен әңгімелескеннен кейін олардың қай-қайсысы болмасын дәстүрді жаңғыртуды жан-тәнімен қалайтынына көз жеткіздік. Әйтпесе бәрі де тұрақты кәсібі бар, өз саласында табысты, жұмысбасты, іскер адамдар. Әрі айналысатын салалары да садақ ату өнеріне жақындығы аз. Тек бәрін біріктіретіні – ұлт намысы мен ата дәстүрге деген махаббат. Садақ туралы кітап авторы Данияр Байдаралин де сондай жандардың қатарынан екен. Мамандығы сәулетші. Көптеген жыл мұхиттың арғы жағы – АҚШ-та қызмет еткен. Ең қызығы, садақ ату өнеріне деген қызығушылық сол жақта жүргенде шындап туған.

"2006 жылдары АҚШ-та жұмыс істедім. Бұрыннан қызыққандықтан сол жақтағы садақ ату клубына жазылдым. Байқасам, АҚШ-та садақ ату дәстүрі өте жақсы дамыған екен Келе-келе дәстүрдің тікелей мұрагерлері болып саналатын көшпенділер, соның ішінде қазақтарда бұл өнердің дамымағаны мазалайтын болды. Біртіндеп тақырып төңірегінде іздене бастадым. Ағылшын тіліндегі кітаптарды оқыдым. Ізденіс барысында неміс, поляк, парсы елдерінің дереккөздерінен құнды ақпараттар қолға түсті. "Осыларды басын біріктіріп, неге кітап етіп шығармасқа" деген ой келді. Содан жиналғар деректер негізінде 2016 жылы кітап жарыққа шықты. Онда қазақ садағының түрлері, құрамы, жасалу технологиясы, ату тәсілдері түгел қамтылған. Бүгінде осы салаға тереңірек дендеп, бес қару түрлерін, найза, қылыш, айбалта, қанжар, сауыттарды, оның қолданылуын зерттеу үстіндемін" деп атап өтті.

Садақшылар сайысынан "Қазақ тiлi" қоғамы төрағасының орынбасары, "Кенесары хан" қоғамдық қорының директоры Мұхтархан Абаған мырзаны да кезіктіріп қалдық. Сөйтсек ол кісі де он шақты жылдан бері ұлттық дәстүрді ұлықтап жүрген көрінеді. Түркия, Корея сынды елдерде садақ атудан өткен турнирлерге қатысып, елдің жыртысын жыртып қайтқан жайы бар. Елішілік біріншіліктердің де тұрақты қатысушысы. Мақсаты біреу – садақ ату дәстүрін дамыту, оны бұқаралық спорт түріне айналдыру.

Осындай атқамінер азаматтардың себепкерлігімен ұйымдастырылған турнир қалай тартысты өтпесін. Сайысқа ұзын-ырғасы 24 адам қатысты. Арасында бір паралимпист те бар. Алматы қаласы мен Алматы облысының садақшыларынан бөлек Арыс, Балқаш қалаларынан да ат арылтып келгендер болды.

Додада әйелдер мен жасөспірімдерден тұрған екі топ және ерлерден құрылған екі топ өзара мықтыны анықтады. Іріктеу кезеңінде әйелдер мен жасөспірімдер 20 метр қашықтықта сынға түссе, ерлер 30 метрден садақ атып жарысты. Әрбір қатысушыға үш мүмкіндіктен беріліп, әр мүмкіндікте алты жебеден атылды.

Төрт топтан ақтық сынға шыққан 12 адам өз топтарында үлкен және кіші финал үшін жарысты. Әйелдер мен жасөспірімдер тобындағы алтылық 30 метрден нысана көздесе, ерлер тобындағы мықты алтылық 50 метр қашықтықтан атып, шеберліктері сынға түсті.

Ертеңгісін басталып, түс қайта аяқталған садақшылар жарысында ерлер арасында үлкен финалда Бақтияр Тұрысбеков топ жарды. Екінші орынды Нұрғали Тұрымбаев еншілесе, үшінші орын Ердәулет Жанханшаға бұйырды. Ерлер арасындағы кіші финалда Айдар Мәсімғазының жебесі нысанаға көбірек дәл тиіп, бірінші орын иеленді. Екінші орынға Алмас Сүлейменов, жүлделі үшінші орынға Еламан Сәкен лайық деп танылды.

Әйелдер және жасөспірімдер тобында үлкен финалда Медет Сәкен топ жарды. Жеңіске қол созымдай ғана жетпей қалған паралимпист Балтабай Сұлтанов екінші орынды қанжығаласа, үшінші орынды Баян Сапар жеңіп алды. Бұл топтағы кіші финалда Сымбат Дәулетхан үздік деп танылса, жүлделі екінші орын Саят Сермаханға, үшінші орын Жанәлі Мұхаметжанға тиесілі болды. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Әйелдер мен жасөспірімдер тобында үздік шыққан Медет Сәкенге дода демеушілерінің бірі, Abyroikz.kz дүкендер желісінің басшысы Айдар Мәсімғазы арнайы сертификат табыс етті. Сертификат отандық компанияда тегін киім тіктіруге мүмкіндік береді.

"Дешті-Қыпшақ" федерациясының президенті Жанат Дәлей бұл бағыттағы істер мұнымен шектеліп қалмайтынын атап өтті. Болашақта қазақша күрес, бес қарумен сайысу, теңге ілу, көкпар, құс салу, ит жүгіртіп, аңға шығу, жалпы қазақта қандай салт-дәстүр бар соны ары қарай жаңғырту жоспарда бар. Тілек, ниет – әр қазақтың үйінде бес қару ілулі тұрса, әр қазақтың ұл-қызы садақ ұстай біліп, дәстүрді жалғастырса деген мұрат. 

"Ат айналып қазығын табар" демекші, "қалалық" болып, "далалық" өмірден қол үзгенімізбен, ойын алаңындағы көріністерден жүрек түпкірінде бірдеңе қозғалғандай күй кештік. Садақ, жебе, қорамсап, алмас қылыш, сауыт-сайман бәрі-бәрі көзге оттай басылды. Көңілге ерекше жылылық сыйлап, кеудеге шаттық сезімі толды. Осылайша, дәстүрімізге жанашыр жандардың барына әрі мақтанып, әрі масаттанып, садақ ату сайысынан жан семіріп, рух көтеріліп қайтқанымызды несіне жасырайық. 

Меліс Сейдахметов
Qamshy.kz


 

0 пікір
Мұрағат