Әлеуметтік желі: Ойланбай сөйлеп, опық жегендердің қарасы көбейіп келеді
Әлеуметтік желі: Ойланбай сөйлеп, опық жегендердің қарасы көбейіп келеді
8 жыл бұрын 4708 inform.kz Кенжекей Тоқтамұратқызы

Соңғы уақытта Қазақстанның тиісті органдары әлеуметтік желіні қатаң бақылауға алды. Әлеуметтік желіде ойланбай жазған бір сөзі үшін темір тордың ар жағынан шыққан азаматтардың саны көбейіп кетті.

2016 жылдың соңғы екі айын алып қарайық: Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде ұлтаралық шиелініс тудырды деген күдікпен 3 жылға сотталса, осы облыстың тағы бір тұрғыны Қазақстанды Ресейге қайта қосу керек деген жазбасы үшін 5,5 жылға сотталды. Щучинск қаласының тұрғыны интернетте терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға түрмеге қамалды. 

Бұл әрине, алаң тудыратын мәселе. Әсіресе, оқушылар мен жастар үшін. Әлеуметтік желіде «ерігіп» отырған олар, ойланбай жазған бір сөзі үшін өмір бойы опық жеуі мүмкін. 

130-бап. Жала жабу

Қылмыстық кодекс бойынша, жала жабу, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату деген сөз. Көпшiлiк алдында сөз сөйлегенде, әлеуметтік желідегі жазбасында немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жала жапқан адам 2000 АЕК көлемінде (шамамен 4 млн 538 мың теңге) айыппұл төлейді, немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

131-бап. Қорлау

Қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткен адамға сот 200 АЕК көлемінде  (453 800 теңге шамасында) айыппұл сала алады. Немесе, 180 сағатқа тең қоғамдық жұмысқа тартылады. Айыппұл төлей алмаса, айыппұл құнына пара-пар түзету мерзіміне кесіледі.

147-бап. Адамның жеке және отбасылық құпияларын заңсыз жария ету

Өзінің лауазымын пайдалана отырып, жеке адам туралы және оның отбасы туралы мәліметтер жинаған, отбасының құпиясын бұзған адамға Қылмыстық кодекс 5 жыл түрме жазасын кеседі. Бұндай қылмыс жасаған азаматтар сол лауазымды 2-5 жыл уақытқа дейін атқара алмайды. Ал, құпияны жинап қана қоймай, жария еткен (әлеуметтік желі арқылы да) адам 7 жылға сотталуы әбден мүмкін.

161-бапБасқыншылық соғысты тұтандыратын насихат жүргiзу және жария түрде шақыру

Басқыншылық соғысты тұтандыратын насихат жүргiзіп, жария түрде соғысқа шақырған адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылады (3 жылға).

174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру

Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер жасаған адам екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

179-бап. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру. Әлеуметтік желі арқылы осындай әрекетке барған адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

180-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе әлеуметтік желіні пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуды насихаттаған немесе жария түрде соған шақырған адам 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалады.

207-бап. Ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзу

Ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзуға бағытталған қасақана әрекеттері үшін адам  екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, 2000 АЕК (4 млн 538 мың шамасында) мөлшерде айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

  

256-бап. Терроризмді насихаттау немесе жария түрде террорлық акт жасауға шақыру

Бұндай әрекет жасаған адамдар үшін мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

274-бап. Әдейі жалған ақпарат тарату

Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіру қаупін төндіретін жалған ақпарат таратқаны үшін адам 5000 АЕК көлемінде (11 млн 345 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 2 жылдан 5 жылға  дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылады.

373-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін - Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғу

Бұндай әрекет үшін адам 3000 АЕК көлемінде (6 млн 807 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 3 жылға бас бостандығынан айырылады.

375, 376, 378-баптар. ҚР Президентінің, ҚР Парламенті депутатының, билік өкілінің ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және қызметтеріне кедергi жасау

Қазақстан Республикасы Президентiн жария қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұққаны үшін азамат 3000 АЕК дейінгі мөлшерде (6 млн 807 мың теңге) айыппұл төлейді немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылады.

Депутатқа тоқталар болсақ, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатын жария қорлағаны үшін азаматтар 2000 АЕК көлемінде (4 млн 538 мың теңге) айыппұл төлейді. Тіпті, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Үкімет өкiлiн қорлаған адам 300 АЕК көлемінде (688 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұлға тең түзету жұмысқа тартылады. Сондай-ақ, 240 сағатқа тең қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Немесе, 75 тәулікке қамауға алынады.

402-бапСот заңсыз деп тапқан көтерілісті жалғастыру үшін адамды айдап салатын әрекет

Бұндай әрекеті үшін адам 1000 АЕК көлемінде (2 млн 296 мың теңге) айпыпұл төлейді, немесе осы айыппұлға тең түзету жұмыстарына тартылады. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске сәйкес, сот осындай әрекетке барған адамды 1 жылға бас бостандығынан айыра алады. 

0 пікір
Мұрағат