Әлемде өндірілетін тағамдық калорияның жартысы адамдарға емес, малға және биоотынға жұмсалады. Сондықтан олар біздің дастарқанға жетпейді.
Азық-түлік қауіпсіздігін зерттеген Aikyn.kz, еуропалық zmescience.com сайтының материалындағы тұжырымдармен таныстырады.
Миннесота университетінің ғалымы Пол К. Уэст жетекшілік еткен жаңа зерттеу көрсеткендей, 2020 жылы әлем бойынша ауылшаруашылық жерлері 15 миллиард адамды тамақтандыруға жететін калория өндірген. Алайда осы калорияның тек жартысы ғана тағам ретінде пайдаланылған.
«Мәселе калория жеткілікті өндірілмеуінде емес. Мәселе олардың қалай бөлініп, адамдар қандай шешім қабылдайтынында», – дейді Оксфорд университетінің тұрақты даму жөніндегі зерттеушісі Ханна Ричи.
Америкалық зерттеушілер БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректерін талдап, әлемдегі ең калориялы 50 дақылға (жүгері, бидай, банан, какао және т.б.) назар аударған. Бұл дақылдар әлемде өндірілетін калорияның 98%-ын құрайды.
2010-2020 жылдар аралығында жалпы өндіріс 24%-ға артқанымен, адамдарға жеткен калория көлемі небәрі 17%-ға өскен. Қалғаны мал азығы мен биоотын үшін жұмсалған.
2020 жылы ауылшаруашылық дақылдарынан алынған калорияның шамамен 45%-ы мал азығына жұмсалған. Бірақ сол азықтың ішінде сиыр еті аса тиімсіз болып шыққан. Бір калория ет өндіру үшін 33 калория жем қажет болған. Тағы 5% калория биоотын өндірісіне (этанол, биодизель) кеткен. Пальма майынан биодизель өндіру он жылда 34%-ға артқан.