Айя София мешітке айналды
Айя София мешітке айналды
4 жыл бұрын 5382 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түркия жеріндегі туристер ағылып баратын Айя София музейінің мәртебесі өзгеріп, ресми түрде мешітке айналдырылды. Түркияның мемлекеттік кеңесі тиісті шешім қабылдады.

«Мемлекеттік кеңес тұжырымында көрсетілгендей, Айя-София кадастрда мешіт ретінде тіркелді әрі бұл мәртебе өзгермейді»,- деп айтылған хабарламада.

Осыдан біраз күн бұрын түріктердің жоғарғы әкімшілік соты Түркия министрлер кабинетінің Айя Софияны мешіттен музейге айналдыру туралы 1934 жылы қабылдаған шешімін заңсыз деп тапқан болатын.

Сөз орайы келгенде айта кету керек, өткен жылы (2019 ж.) Айя-Софияны көру үшін 3,7 млн-нан аса турист келіп тамашалап кетті. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген осынау тарихи жәдігерге қатысты халықаралық талаптар сақталады. Яғни, сәулеті өзгертілмейді, күллі адамзаттың игілігі ретінде қызмет етеді, т.б.

Тарихқа шегініс: Айя-София ғибадатханасы бәздің дәуіріміздің VI ғасырында император Юстинианның пәрменімен тұрғызылған болатын. Түріктер Константинополді (бүгінгі Стамбұлды) бағындырғаннан кейін мешітке айналдырған еді. 1935 жылы түріктердің ұлт көсемі атанған Ататүріктің пәрменімен музейге айналдырылған болатын.

Айя-София Түркияның тарихы мен мәдениетін, сәулетін танытатын бірегей жәдігер. Бұдан бөлек, мәртебесіне қатысты талас-тартыста Түркияның саяси ерік-жігері мен кескін-келбетін танытатын маңызға ие болған көне ескерткіштердің біріне айналды. Айя Софияның мәртебесін өзгерту ең алдымен саяси қадам екенін алға тартып отыр сарапшылар. Әйтпесе, айналасы толған мешіт Айя-Софияны мұсылмандардың құлшылық үйіне айналдыруға соншалықты қажеттілік те жоқ болатын. Бұл бүгінгі таңда жүріп жатқан Түркия мен Батыс елдері арасындағы идеологиялық текетірестің бір көрінісі. 

0 пікір
Мұрағат