Әбсаттар қажы Дербісәлінің жаңа кітабының тұсаукесері болды
|
Алматы қаласында ҚР Ұлттық кітапханасында Р. Сүлейменов атындығы Шығыстану институтының директоры, көрнекті шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Руханият және өркениет» атты зерттеулер мен мақалалардан тұратын жаңа еңбегінің тұсаукесер рәсімі өткізілді. Оған белгілі зиялы қауым өкілдері - тарихшылар, дінтанушылар, мәдениеттанушылар, жазушылар, БАҚ өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты. Салтанатты жиынды жүргізе отырып, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғлымдарының докторы Уәлихан Қалижан жаңа кітаптың маңыздылығына тоқталды. Қазақ халқының тарихы күні бүгінге дейін талай зерттелді, зерделенді, ол туралы талай ғылыми еңбектер жазылды. Бірақ, қазақтың жүріп өткен діни жолын зерттеуге қатысты еңбектер некен-саяқ. Міне, Әбекең, Алланың елшісі, пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаху ғалейхи уа ссаламның өмірі мен қызметі туралы кең ақпараттық зертетулер келтіре отырып, исламның өркениет жолын шынайы түрде түсіндіре білген, - деді У. Қалижан. Шара аясында жаңа кітаптың қызыл лентасын физика-математика ғылымдарының докторы Төлеген Қожамқұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева және философия ғылымдарының докторы Әбдімәлік Нысанбаев үшеуі бірлесе қиды. Кітаптың бес данасы ҚР Ұлттық кітапханасына сыйға тартылды. Журналистерге берген сұхбатында Әбсаттар қажы Дербісәлі бұл кітапқа қажетті материалдар жинау сонау өткен ғасырдың 80-ші жылдары басталғанын толқып отырып жеткізді. «Мен өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап, қазақ даласынан шыққан, қазақ халқына тікелей қатысы бар ғұламаларымыздың мұрасын жинап келе жатырмын. Мысалы, кезінде Испанияның корольдік Эскориал кітапханасынан Әбу Насыр әл-Фарабидің бұзаудың терісіне жазылған 10 трактатын, ағайынды Сайрамилердің 800 және 500 беттен тұратын екі трактатын тауып алып келдім. Сондай-ақ, Каирде, Тунисте жұмыс істедім. Ондағы мақсат - рухани мұраларымызды іздестіру. Қазақ даласынан шыққан ғұламаларымыз көп мұралар қалдырған. Өкінішке қарай, олар шашырап кеткен. Кейбірі Тунисте, Каирде, Испанияда, тіпті Кашмирде де жатыр. Олардың барлығы біздің рухани байлықтарымыз. Соларды халқымызға қайтару ең маңызды міндеттердің бірі», - деді Ә. Дербісәлі. Айта кетелік, Ә. Дербісәлінің соңғы жылдардағы руханият, әдебиет, мәдениет, исламтану, деректану және басқа да тақырыптардағы зерттеулерінің жинағын құрайтын бұл монографиясы жеті тараудан тұрады. Бірінші, «Ислам - ұлы дін» тарауында келелі тақырыптар қамтылған. Қазақстан мен Орта Азия мұсылмандары мың жылдан бері ұстанып келе жатқан ислам діні, оның тарихы, Ханафи мазһабы, Матуриди ақидасы, ата дініміз бен оның ерекшеліктері, ислам ұғымындағы отан, халық, туған ел мен туған жер туралы құндылықтар, ислам және ұрпақ тәрбиесі, ислам дініндегі отаншылдық мәселесі сөз болады. Екінші, «Ислам - үлкен өркениетте» деп аталатын тарауда тарихымыздың көмескі тұстарын ашу мен байытуда ерекше мәнге ие халқымыздың ислам мәдениетімен қойындасып жатқан жазба мұралары және оның ірі өкілдері - Отырар, Сығанақ және басқа да өңірлерімізден шыққан ғалымдар жөнінде әңгіме өрбиді. Үшінші, «Құрылтайлар мен конференциялар ғибратында» атты тарауда Әбсаттар қажы Дербісәлінің Астанада төрт рет (2003, 2006, 2009, 2012) өткен әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің құрылтайында сөйлеген сөздері, діндераралық түсіністік пен үнқатысу, діндер мұраты - ынтымақ пен бірлік, Қазақстан - Батыс пен Шығыстың алтын көпірі секілді өзекті мәселелер ортаға салынады. Төртінші, «Сұхбаттар» тарауын бұрынғы бас мүфтидің дін һәм өркениет, сондай-ақ руханияттың өзекті мәселелерін сөз ететін ақпарат құралдары және шетелдік мемлекет қайраткерлерімен болған сұхбаттары, ислам дінінің бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтары әңгіме арқауына айналған. Бесінші, «Ғұмырнамалық баяндар» деп аталатын тарау ғалымның еліміздің мемлекет және ғылым, өнер қайраткерлері туралы ой-толғамдарына арналған. Аталған тарауда автордың Ө.Жәнібеков, С.Сартаев, Ө.Айтбайұлы, Т.Қожақұлов және басқа да қайраткерлеріміздің өмірі мен ұлағатты істері туралы естеліктері берілген. Алтыншы, «Жолжазбаларда» тарауында автор дінбасы ретінде түрлі елдерге жасаған сапарлары, зияраттарда көргендері мен көңілге түйгендері, сапарлардың ғибраттары жайлы ой бөліседі. «Гималай асқан қазақтар», «Татар башқұрттар елінде», «Мұнарасы биік Мысыр», «Үш құрылыққа сапар» және басқа да жолжазбалары қазақ халқының өткен тарихынан, түркі тілді халықтардың мәдени, рухани болмысынан, ислам әлемінен, күллі әлем елдерінің руханияты мен өркениетінен, қазіргі болмысынан сыр шертеді; Жетінші, «Ғалым мүфти, қайраткер немесе замандас туралы ойлар» атты тарауында әйгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, атап айтқанда көрнекті мәдениет қайраткері А.Әшімов пен ғылым докторлары, профессорлар: Ә. Момынов, Ш. Керім, И. Жеменей, А. Смақова, С. Дәуітов және басқа да ғалымдардың Ә. Дербісәлінің шығармашылығы туралы ой-пікірлері берілген.