|
2100 жылға таман Түркия халқы 25 млн адамға дейін азаюы мүмкін
|
Біріккен Ұлттар Ұййымының баяндамасында келтірілген дерек пен Түркияның статистика институтының (TÜİK) мәліметі бойынша 75 жыл ішінде түрік халқы 25 млн адамға дейін кемиді. Туу деңгейінің төмендеуінен аталған елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы өзгереді. Бұл жайында islam.kz порталы .yenisafak.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Түркияның демографиясына қатысты есепке сәйкес халықтың табиғи жолмен қалпына келу деңгейі едәуір төмендеп кеткен – бір әйелге шаққанда бала туу коэффиценті 1,48-ге дейін төмендеген. Түркия үшін халық санының қалпына келуі үшін қажетті коэффициент – 2,1. TÜIK мағлұматынша, туу деңгейі шекті мәннен төмендеген провинциялар саны 2014 жылғы 52-ден 2024 жылы 71-ге дейін өсті. Бұл деңгей елдің көптеген өңірлерінде халық санын қалпына келтіру мүмкін еместігін білдіреді. Түркияның отбасы істері және әлеуметтік қызмет жөніндегі министрлік жетекшісі Өздемір Гекташтың айтуынша, 2100 жылға қарай ең жақсы деген сценаридің өзінде ел тұрғындарының қарасы 54 млн адам болуы мүмкін. Ал БҰҰ дерегінше, 38 млн адамды құрауы ықтимал. Ал ең нашар сценари бойынша 25 млн адам ғана қалуы мүмкін. Осы орайда таяуда түрік билігінің демографиялық дағдарысты еңсеру үшін ұлттық стратегиясын қабылдағанын айта кетпекпіз. Осы алдағы он жылды отбасы және халық жылына арнап отыр. Аталмыш бастама аясында туу көрсеткішін арттыру, отбасы институтын нығайту, т.б. бағытында нақты іс-шаралар кешені қолға алынады. Соның ішінде жас жұбайлаға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі, балаларға білім беру процесі жеңілдетіледі, көп балалы отбасыларға әлеуметтік жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастырылады.