17 ел ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растады (видео)
17 ел ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растады (видео)
9 жыл бұрын 3798

Baq.kz ақпарат көзінің хбарлауынша ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушы елдерді тарту бойынша келіссөздер барысының қарқыны үдеуде. Көрмеге қатысатынын 17 ел ресми түрде растады, олардың арасында ТМД мен Еуропалық Одақ елдері бар. ЭКСПО-2017 комиссары – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев қатысушы елдерге сапарын жалғастырып, шақырулар таратып, келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қазақстан 2014 жылдың 11 маусымында Парижде өткен ХКБ Бас ассамблеясының 155 сессиясында ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі ресми түрде мойындалғаннан кейін қатысушыларды шақыру құқығын алды. Қазақстан Президенті атынан дипломатиялық арналар арқылы 140-тан аса ел мен 12 халықаралық ұйымға ЭКСПО көрмесіне қатысуға шақыру жіберілді. Келіссөздер барысында 17 мемлекет (Әзірбайжан, Ангола, Армения, Беларусь, Германия, Грузия, Индия, Қырғызстан, Монако, Ресей, Сенегал, Сент-Китс және Невис, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Израиль және Түркия) және 3 халықаралық ұйым (АТМЭӘК, ЭЫДҰ және БҰӨДҰ) Астанадағы көрмеге қатысатынын ресми түрде растады.

Биылғы жылы ЭКСПО-2017 комиссары – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаевтың алдында 80 елдің ЭКСПО-ға қатысатынын растау бойынша ауқымды міндет тұр. Еуропа, Америка және Азия елдеріне сапарлар жоспарланған. Халықаралық қатысушыларды тартумен қатар, Комиссар ЭКСПО-2017 көрмесін халықаралық алаңдарда ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуде және шетелдік елдердің туризм министрлерімен, туристік қауымдастықтардың басшыларымен келіссөздер жүргізуде.


Ресей
Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация барған алғашқы елдердің бірі Ресей болды. Сапар барысында РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Василиий Небензимен, Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Георгий Каламановпен, Туризм бойынша федералдық агенттіктің басшысы Олег Сафоновпен, Сочи-2014 Қысқы олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің бұрынғы президенті Дмитрий Чернышенкомен, «Сколково» инновациялық орталығының вице-президенті Александр Черновпен кездесулер өтті. Басты ресейлік серіктестер ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растап, сондай-ақ, екіжақты туристік әлеуетті белсенді дамытуға келісті. ЭКСПО-2017 ұйымдастырушылары Ресейдің мемлекет тұрғысында, сонымен бірге, ресейлік компаниялар мен ғылыми-технологиялық орталықтар тарапынан ауқымды түрде қатысуын күтіп отыр.


Беларусия
Беларусия премьер-министрінің орынбасары Михаил Русый Минск ЭКСПО-2017 көрмесіне лайықты деңгейде қатысады деп сендірді. Бұл туралы ол Рәпіл Жошыбаевпен болған кездесу кезінде мәлімдеді. Келіссөздер барысында тараптар екі елдің ғылым мен IT-технологиялар саласындағы бейінді институттарының көрмеге қатысу мәселелерін талқылады.
Беларусияның Сыртқы істер министрі Владимир Макеймен әңгімелесу кезінде ЭКСПО-2017 комиссары Нұрсұлтан Назарбаев атынан Беларусия Президенті Александр Лукашенкоға жолданған ЭКСПО-2017 көрмесіне шақыру-хаттың түпнұсқасын табыстады. Өз кезегінде БР сыртқы істер ведомствосының басшысы Рәпіл Жошыбаевқа Беларусияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуын растайтын нотаны тапсырды. Сапар қорытындысы бойынша «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы мен Беларусияның Туристік ұйымдарының республикалық одағы арасында Астандағы көрменің туристік әлеуетін дамыту бойынша серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.


Франция
Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас ассамблеясының 156-сессиясының жұмысына қатысты. ЭКСПО-2017 комиссары халықаралық қатысушыларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, сондай-ақ, Қазақстанның ХКБ алдындағы міндеттемелерін орындау шаралары туралы айтып берді. Сапар шеңберінде Рәпіл Жошыбаев Францияның СІМ-нің Бизнес және халықаралық экономика департаментінің директоры Анес Ромате-Эспаньмен келіссөздер өткізді. Ол Францияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға мүдделі екенін, сондай-ақ, жоғарғы технологиялар саласында жұмыс жасап жатққан компаниялардың өздерінің ең үздік әзірлемелерін таныстыруға дайын екенін жеткізді.


Австрия
Австрия Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға мүдделі. Бұл туралы Ғылым, зерттеулер мен экономика федералдық министрлігінің министр орынбасары, Қазақстан-Австрия үкіметаралық комиссиясының бірлескен төрағасы Бернадетте Гирлингер Рәпіл Жошыбаевпен өткен кездесу барысында мәлімдеді. ЭКСПО-2017 комиссары оны көрмеге дайындық барысы туралы ақпараттандырып, Қазақстан Президенті атынан Австрия Федералдық Президенті Хайнц Фишерге жолданған шақыру-хатты табыстады. Альпілік республиканың баламалы және қайта қалпына келетін энергия көздерін дамыту бойынша әлемдік көшбасшы елдердің бірі екенін ескере отырып, Жошыбаев Австрияның ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысатынына үміт білдірді.

 


Швейцария
ЭКСПО-2017 шеңберінде стратосфереға күн батареясымен жұмыс жасайтын ұшақпен алғашқы ұшуды ұйымдастыруды Рәпіл Жошыбаевпен өткен кездесу кезінде швейцариялық бизнесмендер ұсынды. «Presence Switzerland» агенттігінің басшысы Николя Бидомен, СІФД бас хатшысы Б. Беттихпен және Switzerland Tourism-нің жаңа нарықтар мен Еуразия бойынша директоры Федерико Соммаругамен өткен келіссөздер кезінде Рәпіл Жошыбаев ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық туралы егжей-тегжейлі түрде айтып берді. Өз кезегінде Николя Бидо Швейцарияның қазақстандық көрмеге қатысуға мүдделі екені туралы мәлімдеді.

Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 комиссары Solar Impulse компаниясының директоры Бертран Пиккармен ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Бертран Пиккар 2015 жылы жер шарын айнала саяхат жасайтын күн батареясында жұмыс жасайтын алғашқы ұшақты таныстырды. Ал Solarstratos басшысы Рафаэль Домжан ЭКСПО шеңберінде 2017 жылы күн батареясында жұмыс жасайтын ұшақтың стратосфераға алғашқы ұшуын ұйымдастыруды және ең жоғарғы биіктікке ұшу жағынан әлемдік рекордты қоюды ұсынды. Тараптар ЭКСПО-2017 шеңберінде осы ұсыныстарды жүзеге асырудың мүмкіндігін зерттеп көруге келісті.

Италия
Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Италия мен Ватиканға барып қайтты. Сапар барысында Италияның Сыртқы істер министрі орынбасары Лапо Пистеллимен кездесу өтіп, ЭКСПО-2017 комиссары оған Қазақстан Президенті атынан көрмеге шақыру-хаттың түпнұсқасын тапсырды. Тараптар итальяндық компанияларды ЭКСПО-2017 көрмесіне тарту және Миланда өтетін ЭКСПО-2015 көрмесіне Қазақстанның қатысу мәселелерін талқылады. Сапар қорытындысы бойынша итальяндық тарап Астанадағы көрмеге қатысуға мүдделі екенін растады.

Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 комиссары Ватиканның кардиналы, мемлекеттік хатшы Пьетро Паролинмен кездесу өткізді. Рәпіл Жошыбаев Қазақстан Президенті атынан Рим Папасына жолданған көрмеге шақыру-хаттың түпнұсқасын тапсырды. Өз кезегінде Пьетро Паролин ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға мүдделі екенін жеткізіп, оның шеңберінде Леонардо да Винчидің Атлантикалық кодексінің көрмесін ұйымдастыруды ұсынды.

Монако
Монако князьдығы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатынын растады. Сыртқы істер министрі Жозе Бадиамен кездесу кезінде ЭКСПО-2017 комиссары Қазақстан Президенті атынан Монако князі Альбер II-ге жолданған көрмеге шақыру-хаттың түпнұсқасын тапсырды. Өз кезегінде Жозе Бадиа Монаконың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растау туралы Монако князінің ҚР Президентіне жолдаған хатының түпнұсқасын тапсырды. Бадиа мырза Монако Астандағы көрмеге лайықты түрде қатысады деп сендіріп, ауданы үлкен павильонды беруді сұрады.


Қырғызстан
Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Тайырбек Сарпашев өз елінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға ниетті екенін растады. Бұл туралы ол Рәпіл Жошыбаевпен Бішкектегі кездесуі кезінде мәлімдеді. Өз кезегінде Қырғызстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Марат Шаршекеев көрмеге дайындыққа қырғызстандық компанияларды тартуға мүдделі екенін білдіріп, оның елі ЭКСПО-2017 көрмесіне лайықты деңгейде қатысады деп сендірді.


Өзбекстан
Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимов өзбекстандық тарап ЭКСПО-2017 көрмесінде өздерінің ғылыми әзірлемелерін, оның ішінде энергия үнемдеуші технологияларын көрсетуге дайын деп мәлімдеді. Рустам Азимов бұл туралы Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық бойынша Бірлескен үкіметаралық комиссияның 14-отырысында мәлімдеді. Комиссия отырысында Рәпіл Жошыбаев ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы туралы таныстырылымымен шықты. Сонымен қатар, ол Өзбекстанның ЭКСПО көрмесіне қатысуына жауапты сыртқы істер, сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі министрліктердің және «Өзбектуризм» ҰК-ның басшылығымен келіссөздер өткізді. 

0 пікір
Мұрағат