Туу көрсеткіші төмендеп кеткен елде жасанды ұрықтандырудың нейрожелісі жасалды
Туу көрсеткіші төмендеп кеткен елде жасанды ұрықтандырудың нейрожелісі жасалды
3 жыл бұрын 2452 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытайдың Сужоу қаласының ғалымдары жасанды жатырда эмбрионның дамуын қадағалайтын жасанды зерденің тұтас желісін жасады. Бұл жайында islam.kz порталы SCMP ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш зерттеу нәтижесі өткен айда отандық биомедициналық мерзімді басылымда жарияланған. Білікті мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда жасанды зердеге негізделген "бала бағушы" тәжірибедегі жануарлардың эмбриондарын қадағалайды. Қытай ғылым академиясының еншілес кәсіпорны болып табылатын Сужоу биомедицина инженериясы институтының Сун Хайсуйан есімді ғалымының айтуынша, жасанды жатыр немесе «ұзақ мерзімде эмбрионды өсіруге арналған құрсақ құрылғы» контейнер түрінде жасалған – қоректік сұйық заттармен толтырылған. Бұрындары эмбрионның дамуын ұдайы қадағалап, құжаттап, түзетіп отыруға тура келетін – машақаты көп жұмыс болатын. Ал бұл тараптағы роботталған жүйе мұның бәрін өзі атқарады. Ғалымдардың сөзіне қарағанда, жасанды зерде эмбрион дамуындағы өзгерісті «қас қақпай» қадағалап, титтей өзгерістің өзін тіркеп, ғалымдарға ескертіп отырады. Артықшылығы осында. Ол ол ма, эмбрионның дамуына қажетті қоректік заттарды, көмірқышқыл газын, т.б. дәл бағдарлайды. Ал эмбрионда қандай да бір ақау байқалса, мамандарға дер кезінде хабарлап отырады. Бұл жаңалық туу көрсеткіші төмен, демографиялық апат алдында тұрған елдерге көп көмектеседі. Десе де халықаралық заң эмбрион екі аптаға толғаннан кейін оған тәжірибе жүргізуге қатаң тыйым салады. Ал ғалымдардың айтуынша, кейінгі кезеңдердегі зерттеулер маңызды, өйткені, адамның әдеттегі эмбриондық дамуының физиологиясы туралы әлі де көптеген ашылмаған құпиялар бар. Мұның үстіне туабітті аурулардың алдын алу үшін мұндай технологияның қажеттілігін жоққа шығаруға болмайтынын алға тартып отыр.

0 пікір
Мұрағат