Тұңғыш рет өмірден үзіліп бара жатқан адамның ми белсенділігі таспаға тартылды
Тұңғыш рет өмірден үзіліп бара жатқан адамның ми белсенділігі таспаға тартылды
3 жыл бұрын 2802 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Австралиялық ғалымдар тарихта тұңғыш рет жантәсілім кезіндегі адамның ми белсенділігін жазып ала алған. Бұл жайында islam.kz порталы New Atlas ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, ғалымдар эпилепсиядан зардап шегетін 87 жастағы қарттың миындағы өзгерістерді электроэнцефалограмманың көмегімен қадағалай алған. Эпилепсиялық талма кезінде науқастның жүрегі кенеттен тоқтап қалған болатын. Осылайша ғалымдар жантәсілім етпей тұрғанға дейінгі және бақилық болғаннан кейінгі аралықтағы 15 минут жазбаға қол жеткізді. Ғалымдар бұл жазбадағы 30 секундық үзіндісіне айрықша назар аударған екен – жүрегі соғып тұрғандағы және жүрегі тоқтағаннан кейінгі уақыт аралығын қамтитын 30 секундқа мән берген. Белгілі болғандай, демі үзілер шағында мидағы гамма толқын ерекше белсенділік танытқан. Аталмыш толқынның белсенділігі адам түс көргенде, естелікке берілгенде оянады. «Естелікті қалпына келтірумен байланысты ауытқуды генерациялау арқылы ми өлім алдында өмірдегі маңызды мезеттерді қамтитын естеліктерді қайта оятады. Сараптама жүргізе келе көзі жұмылғанымен көңілі ояу болатынына, яғни, өткен өміріндегі ең жағымды естелікке берілетінін білдік»,- деп мәлімдеді зерттеу нәтижесіне байланысты өз пайымын білдірген Ажмал Земмар. Ол ол ма, ғалымдар адам миының қан айналымы тоқтаса да (яғни, миға қоректік заттардың баруы тоқтаса да) үйлеcімді қызметін тоқтатпайтынына куә болған. Бұл жаңалықтың құндылығы неде? Ол ағза донорлығының мерзімімен байланысты маңызды мәселелерді шешуге көмектеседі. Десе де ғалымдар бұл бағыттағы зерттеу тек әзірге бір адаммен шектелгендіктен нақты тұжырым жасауға ерте екенін, сол себепті де қосымша зерттеу жұмыстары жүргізілетінін алға тартып отыр.

0 пікір
Мұрағат