Туберкулезді екі айда емдейтін әдіс ойлап табылды
Туберкулезді екі айда емдейтін әдіс ойлап табылды
7 жыл бұрын 7040

Туберкулезді екі айда толықтай емдеуге болатын әдіс ойлап табылды. Ол науқасты ауруынан екі айда айықтыруы мүмкін. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы конференцияда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мәлімдеді.

Емдеу барысында дәріге бой бермейтін туберкулездің асқынған түрінен айығу үшін 6 айдан 2 жылға дейін ем қабылдау қажет. Бұл әлемдік медицина үшін үлкен проблема болып келді. Енді заманға сай жаңа әдістер оның мерзімін бірнеше есеге қысқартады, деп хабарлайды Астана арнасына сілтеме жасаған Stan.kz ақпарат көзі.

“Қазір жаңа әрі тиімді емдеу теxнологиясы пайда болды. Оны молекулярлық диагностика немесе ДЖИ сарапшы деп атап, айналымға енгізіп жатырмыз. Бұл теxнология қазір Қазақстанға да енгізіліп жатыр. Соңғы уақытта туберкулезді емдейтін екі жаңа дәрі жасалды. Сондай-ақ небәрі екі ай ішінде дәріге бой бермейтін ауру түрлерін емдейтін әдіс пайда болды.”, – дейді ДДСҰ “STOP TB” ғаламдық жобасының өкілі Сувананд Саху.

Ал осы қауіпті дерттің алдын алуға және емдеуге бюджеттен биыл 35 млрд. теңге қаражат қарастырылды. Елде 2013 жылға дейін туберкулездің деңгейін байқау лабораториялық тәсілдермен 2 айға созылатын. Қазір ол небәрі 2 сағаттың ішінде анықталып, тиісті ем-шара жүргізіле бастайды. Осының арқасында соңғы 10 жылда құрт ауруын емдейтін диспансерлердегі тіркеуде тұрған азаматтар саны екі есеге қысқарған. Қазір Қазақстан бойынша 16 мың адам есепте тұрады. Ал 2007 жылы бұл көрсеткіш 30 мыңнан астам еді, – дейді фтизиатр-дәрігерлер.

“Қазақстан туберкулезді оң емдеудің әлемдегі елдер арасында ең нәтижелі ел санатына енді. Емдеу, анықтаудың барлығына қаражат мемлекеттен бөлініп отыр. Көп елдерде қаражат тапшылығы бар. Олар халықаралық қорларға, донорларға жүгінуге мәжбүр. Ал біздің елде 99 пайыз қаражат мемлекет тарапынан бөлініп отыр”, – дейді ҚР Ұлттық фтизиопульмонология орталығының директоры Мәлік Әденов.

0 пікір
Мұрағат