Тірі шыбын өлген шыбынды көргенде...
|
Бұл тараптағы зерттеу нәтижесі тірі шыбынның жолында өлген шыбынды жолықтыруы жәндіктің миындағы жекелеген нейрондарды белсендіретінін және қартаю процесін тездететінін көрсетті. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған journals.plos.org ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мичиган университетінің ғалымдары шыбындардың өлімді қалай қабылдайтынын, дәлірегі, өлген шыбынды көргенде оның қартаю процесіне қалай әсер ететінін анықтады. Зерттеушілер шыбындардың өлген шыбынмен кездескенде эллипсоидты денеде (ми аймағы) мидың белсенділігі артатынын анықтады. Ғалымдар осы аймақта орналасқан түрлі сақиналы нейрондардың белсенділігін біртіндеп өшіріп көрді әрі осының нәтижесінде нейрондардың екеуі (R2 және R4) белсенділіктің жоғарылауына ықпал ететінін білді. Аталған аймақтардың белсенді режимге көшуі өз кезегінде осы нейрондарда орналасқан серотонин 5-HT2A рецепторының жұмысымен байланысты болып шыққан. Зерттеушілер мұндай белсенділік жәндіктің ғұмыр жасына теріс әсер ететінін анықтады: қартаю процесі қарқын алады. Бұл бағыттағы тәжірибе барысында R2 және R4 нейрондарын қолдан, яғни, жасанды түрде белсендірген кезде шыбындар іс жүзінде өлімді сезінбесе де олардың өмір сүру ұзақтығының айтарлықтай қысқарған. Ғалымдар қартаю процесін реттейтін осы және ұқсас нейрондық байланыстарды анықтай отырып, адамның қартаю қарқынын бәсеңдететін дәрілерді жасауға бел буып отыр.