Тер арқылы ауруларды анықтаудың жолы табылды
|
Халықаралық ғалымдар тобы денеден бөлінетін тер құрамын талдауға негізделген, денсаулықты инвазивті емес бақылау әдісін әзірледі, дәлірегі, организмді тілмей, теспей, т.б. ауруды анықтайтын құрылғы ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы ScienceDirect мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Білікті мамандар тер құрамында түрлі ауруларды - қант диабетінен бастап генетикалық ауытқуларға дейінгі кеселдерді бақылауға мүмкіндік беретін биомаркерлер (биологиялық өлшемдер) бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, тер құрамын талдау үшін қан алу кезіндегідей теріні тесу қажет емес. Дегенмен, қажетті мөлшердегі терді алу үшін науқасқа қимылдап, жаттығуы керек. Ғалымдар қимыл-қозғалысы шектелген немесе жүріп-тұруы қиын науқастардан тер шығарудың жолын тапты. Бұл арада теріге жабысатын және құрамында терлететін дәрі кездесетін гидрогелді құрылғы жасады. Құрылғы терді жинайды, биомаркерлерді талдайды және деректерді компьютерге жібереді. Сарапшылардың айтуынша, бұл әдіспен науқастың медициналық мекемеге баруы немесе дене шынықтырумен шұғылдануы қажет болмайды.