Семіздіктің ерте қартаюға бастайтыны белгілі болды
Семіздіктің ерте қартаюға бастайтыны белгілі болды
5 жыл бұрын 3526 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Канадалық ғалымдар артық салмақтың түрлі аурулардың асқынуына тигізетін және патологиялық ахуалға ұрындыратын әсерін зерделеуге қатысты 200-ден аса зерттеу нәтижелерін сараптай келе семіздіктің организмді мерзімінен бұрын қартаюға бастайтынына көз жеткізді. Бұл жайындағы мақала Obesity Reviews мерзімді басылымында жарияланды. Осы орайда алдымен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының күллі әлемді шарпыған семіздік індетіне қатысты мынадай статистикалық дерегін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: шамамен 1,9 млрд ересек адам мен 380 млн бала бүгінгі таңда артық салмақтан зардап шегеді. 1975 жылғы мәліметпен салыстырғанда бұл көрсеткіш ересектер арасында екі есеге, ал балалар арасында 10 есеге артқан. Бүгінде әлемде аштықтан өлгендерден гөрі семіздіктен бақилық болып жатқандар қарасы көбейіп кеткен. Монреалдағы Конкордия университетінің ғалымдары генетикалық ауытқумен, иммунитеттің әлсіреуімен, сондай-ақ, сусамыр, Альцгеймер, обыр, жүрек-қан тамырлары, т.б. аурулармен байланысты семіздікті бағалауға қатысты 200-ден аса зерттеу нәтижелеріне жалпылама мета-талдау жүргізген екен. Аталмыш ғылыми шолуда артық салмақтың тұтас организмге тигізер әсерінің жасуша мен молекулярлық деңгейден бастап, иммундық жүйе, т.б. деңгейіне дейінгі барлық процесі жан-жақты қарастырылған. Аталмыш зерттеуге жетекшілік еткен клиникалық диетолог Сильвии Сантосаның (Sylvia Santosa) айутынша, семіздік бүгінде кәріліктің бір түріне айналғанын тілге тиек етті. Өйткені, артық салмақтан пайда болатын түрлі кеселдер адамның бойында жасы ұлғайған сайын жүре келе жабысатын аурулар санатына жатады. Бұл бағыттағы зерттеу нәтижесінен байқалғандай, артық салмақтан зардап шегетін, жасы 40-тан асқан ер-азаматтардың ықтимал өмір сүру ұзақтығы салмағы қалыпты құрбы-құрдастарына қарағанда 5,8 жылға кем болған. Ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш 7,1 жасқа кем. Патологиялық тұрғыдан алғанда, кәрілік пен семіздік тиынның екі жағына ұқсайды. Семіздік кәріліктің айнасына айналған. Мәселен, семіздіктен пайда болатын апоптоз —жасушалардың программаланған өлу процесі. Бұл теріс құбылыс жүрек, бауыр, бүйрек жасушаларында, нейронда, т.б. көрініс табады. Артық салмақ, сондай-ақ, аутофагия деп аталатын, жасушалардың зардап шеккен компоненттерін жоюға, залалсыздандыруға бағытталған процесті басып тастайды. Бұл фактор өз кезегінде қатерлі ісіктің пайда болуына түрткі болып, сусамыр дертіне шалдықтырады, Альцгеймер және жүрек-қан тамырлары ауруларына бастайды. Ал генетикалық деңгейде артық салмақты адамдардың бойында теломердің қысқару эффектісі (ұзындығы адамның өмір сүру ұзақтығымен байланысты ДНК жібінің ұшындағы қорғаушы қалпақ) байқалған. Әдетте артық салмақтан зардап шегетін науқастың теломері салмағы қалыпты адамдарға қарағанда 25%-ға кем болады. Сонымен қатар, семіздіктің организмге тигізер теріс әсерлерінің біріне митохондриялық дисфункцияны, ұдайы қабынуды, иммундық жүйенің әлсіреуін жатқызуға болады. Осындай себептерге байланысты артық салмақты адам түрлі инфекциялық ауруларды тез қабылдап жұқтырады. Аталмыш зерттеу авторларының айтуынша, семіздік кәрілік факторы ретінде қарастырылса, бұл ғаламдық сипат алған семіздік індетіне қатысты проблемалардың контексін саламатты өмір салтын ұстанбаумен әрі тамақтану мәдениетімен байланысты басқа қырынан қарауға мүмкіндік бермек.

0 пікір
Мұрағат