Роботтар бақылау арқылы жаңа дағдыларды меңгерді
|
Стэнфорд университетінің (АҚШ) мамандары роботтарға түрлі дағдыларды меңгеруге көмектесетін тетікті ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы Github ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар адамның әрекеттерін бақылауға және қайталауға көмектесетін жасанды зерде (AI) үлгісін жасады. Бақылап оқыту процесі шамамен 40 сағатты алады. Инженерлердің айтуынша, осы уақыт ішінде машина белгілі бір дағдыны толық меңгере алады. Бұл бағыттағы тәжірибе аясында білікті мамандар қарапайым RGB камерасымен жабдықталған HumanPlus антропоморфты роботын құрастырды. Жаттығу кезінде робот адамның теннис ойнап жатқанын, аяқ киімінің бауын байлағанын немесе пернетақтада теріп жатқанын бақылап отырды, сонымен қатар, адамның әр қимылын «жадына» түйді, яғни, жаттап алды. Содан кейін машина адамның әрекеттерін дәл қайталай алған. Сарапшылар бұрын ғалымдар оқу процесін машинаның нақты құрамдас бөліктерімен байланыстырып келгенін жеткізді. Дегенмен, мамандар роботтарды кешенді түрде үйрету ісінің оңай әрі жылдамырақ жолын тапты.