Қатерлі менингиттен сақ болыңыз
Қатерлі менингиттен сақ болыңыз
9 жыл бұрын 4452 massaget.kz Нұржамал Үсенова Фото: 1news.zp.ua

Адам өміріне өте қатерлі, ми мен жұлынның жұмсақ қабықтары қабынуы және суық тигізіп алудан пайда болатын менингит ауруы жайлы жақсы біле бермейміз. Назарларыңызға аурудың басты белгілері, аурудың алдын алу, емделу жолдары секілді ақпараттар ұсынамыз. 

Менингит ауруы тазалық сақтамау, вирус, бактерия, саңырауқұлақтар және басты қатты ұрып алу мен ауру ошақтары жақын болуынан туындап, таралады. Сонымен қатар ол жөтелу кезінде ауа арқылы жұғады. Мұрынға түскен бактериялар жұлынға жетіп, қан айналымға да еніп қоздырғышты күшейтеді. Егер науқас аурудың жұқпалы түріне шалдықса, өзгелерге таратады. Алайда бұл ауру қаннан берілмейді. Тек қана туберкулезбен ауыратын анадан туылған балалар ғана туберкулез менингитімен ауырады. Мұндай жаңа туған сәбиде болатын туберкулездік менингиттің алдын алу үшін сәбиге туған кезінде арнайы вакцина егіледі. 

Аурудың нақты белгісі – науқастың қызуы көтеріліп басы ауырады, мойнын артқа қарай шалқайтып ұстайды. Сонымен қатар ауырған адам құса береді, жарықтан және қатты дыбыстардан қорқады. Кейде қояншық ауруы сынды ұстамалары болуы мүмкін. Бұл ауру жас талғамайды. Алайда көп жағдайда иммундық жүйесі әлсіреген адамдар мен нәрестелер, жеткіншектер ауырады. Менингит балаларға көбіне ағзаға тамақпен бірге кіретін энтеровирустар арқылы жұқса, ересектерге стрептокок, менингокок, стафилокок, нейсерия сынды бактериялар арқылы жұғады. Бұл аурумен балалары ауырса, ата-аналар енді ақыл-есінде ауытқушылық болады деп қорқып жатады. Алайда олай емес. Бала дер кезінде ем қабылдаса, миында еш ақау қалмай айығып кетеді. Алайда емделіп шыққан бала 1-2 жыл көлемінде жүйке аурулар қатарына есепке алынып, дәрігерлер бақылауында болады. 

Бұл ауру жедел және созылмалы болып екіге бөлінеді. Ал олардың ішіндегі ең күрделісі – мида іріңді түрде болатын минингиальдық синдром деп аталатыны. Ертеде менингит дертіне шалдыққан науқасқа ем табылмау себебінен ұзақ өмір сүрмеген. Кейіннен 1887 жылы А.Вейксельбаум ойлап тапқан емдік препаратты пайдаланған. Ал бүгінгі таңда медицинаның көмегімен дерттен айығып кететін адам саны артқан.

0 пікір
Мұрағат